Маңғыстауда тұмау және ЖРВИ-дің алдын алу жұмыстары күшейтілді
Маңғыстауда тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекцияның алдын алу жұмыстары күшейтілді. Бүгінде облыс бойынша 12 443 адам екпемен қамтылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Көркінбаева айтты.
Спикердің айтуынша, Маңғыстау облысы бойынша жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) және тұмау ауруларының эпидемиологиялық маусымы биыл 1 қазаннан басталды. Облыста 2024-2025 жылдың эпидемиялық маусымында 307 112 жіті респираторлық вирустық инфекция және грипп тіркелді. Тұмау жағдайларының барлығы Маңғыстау облыстық санитариялық эпидемиологиялық сараптау орталығының вирусология зертханасында полимеразды тізбек әдісімен (ПТР) анықталады.
-Бүгінде облыс деңгейінде 12 443 адам екпемен қамтылды, оның ішінде 365 жүкті әйел, 2630 медицина қызметкері, 2 390 созылмалы аурулары бар адам, 1224 мектеп оқушысы, 20 мектеп – интернат балалары - және эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты 5 814 адам екпе алған. Биылғы эпидемиологиялық маусымда 2-8 қазан аралығында 7968 ЖРВИ тіркелді. Тұмау жағдайлары анықталған жоқ. Қазіргі таңда биылғы эпидемиологиялық маусымға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ауруханалар мен емханаларда, білім беру нысандарында тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) қарсы профилактикалық іс –шаралар күшейтілді. Биылғы эпидемиялық маусымға тұмау ауруына қарсы 80 000 доза Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынған. Медициналық ұйымдарда тұмауға қарсы жоспарлы вакцинация жұмыстары басталды. Тұмауға қарсы вакцинациялауға эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша жұқтыру қаупі жоғары адамдарға – жүкті әйелдерге, медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, әскери қызметшілерге, жүрек-тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдарға, қарт адамдарға (65 жастан асқан) ерікті негізде екпе жүргізілуде, - деді Гүлнар Көркінбаева.