Маңғыстауда «Құтты шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Маңғыстауда «Құтты шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Маңғыстауда «Құтты шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Маңғыстауда 15 қыркүйек – Отбасы күніне орай «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында өткен «Құтты шаңырақ» облыстық байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Іс-шараның мақсаты – ұзақ жыл отасып, ұрпақ тәрбиелеген өнегелі отбасыларды дәріптеп, жас жанұяларға үлгі ету. Сондай-ақ, 25-50 жыл отау құрған, немере-шөбере сүйіп отырған әулеттердің өмір жолын кең аудиторияға таныстыру көзделген. Байқау аудандық және қалалық кезеңдерден басталып, іріктеуден өткен 14 отбасы қорытынды марапаттау рәсіміне шақырылды. Салтанатты жиында «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» номинациялары бойынша үздік отбасылар арнайы жүлдеге ие болды. Марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев байқау қатысушыларын құттықтап, отбасы құндылықтарының маңызын атап өтті. – Бұл байқау – бірлік пен дәстүрдің, ұрпақ сабақтастығының мерекесі. Сайысқа қатысқан әр отбасы – нағыз жеңімпаз. Өйткені сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, тәрбиелеріңіз – жас буынға үлгі, болашаққа аманат. «Құтты шаңырақ» – халқымыздың асыл мұраттары мен дәстүрін дәріптейтін тағылымды жоба. Әр шаңырақта шаттық пен береке орнап, бұл байқау жыл сайын жалғасын тауып, жаңа отбасыларға шабыт сыйласын, – деді Тілеген Әбішев. «Алтын шаңырақ» номинациясының жеңімпазы Маңғыстау ауданы Жармыш ауылының тұрғыны Қуантқан Бөлтеков пен Тілек Бөлтекова елге сыйлы, ұрпақ тәрбиесінде өнеге көрсеткен үлкен әулеттің иелері. 1966 жылы шаңырақ көтерген ерлі-зайыпты 11 баланы тәрбиелеп өсірген. – Ең басты байлығымыз да, бақытымыз да – балаларымыз. Ұлттың болашағы – тәрбиелі ұрпақ десек, кең-байтақ жерімізге ие болатын азамат өсіру – ата-анаға артылған аманат. Бұрынғы совхозда сауыншы, кейін балабақшада қызмет еттім. Бүгінде бейнетімнің зейнетін көріп отырмын. Ал жолдасым көлік жүргізушісі болып ұзақ жылдар қызмет етіп, абыройлы еңбек жолын өткерген. Ұлттық салт-дәстүрге берік, бірлік пен татулықты ту еткен бүгінде көпке үлгі отбасымыз,- деді Тілек Бөлтекбаева.