«Маңғыстау Медиа» ЖШС-ына жаңа басшы тағайындалды
«Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры болып Әнуарбек Бимағамбет тағайындалды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев жаңа басшыны ұжымға таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Әнуарбек Қосымұлы Бимағамбет 1980 жылы Маңғыстау ауданы, Қосбұлақ ауылында туған. Маңғыстау гуманитарлық-экономика колледжін, Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтын тәмамдаған. «ТVТ» телестудиясында, «Үш қиян» республикалық газетінде меншікті тілші (1999 – 2002), республикалық «Хабар» агенттігі мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі (2002 – 2005) болған. 2005 жылдан Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі, «Шерқала», «Әбіш әлемі» журналдарының бас редакторы болды. «Қазақстан» РТРК Маңғыстау облыстық филиалының директоры, «AQTAU» телеарнасының директоры қызметін атқарған. 2024 жылдың қарашасынан бүгінге дейін Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ол «Жетімтоғай жапырағы» жыр жинағының (2006) авторы. «Каспий – достық теңізі» фестивалінің, республикалық Шотан батырға арналған мүшәйраның жеңімпазы, республикалық «Менің атым – Махамбет» телемүшәйрасының және халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі және «Құрмет» орденінің иегері.