Маңғыстауда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша іс-шара өтті
Маңғыстауда 27-29 шілде аралығында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» тақырыбында жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Аталған іс-шара «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау. Іс-шараға ішкі істер органдарының жеке құрамы, білім беру, денсаулық сақтау, қадағалау органдары мен қоғам өкілдері жұмылдырылған. Маңғыстау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы Алмас Сәлімбаев жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті. -Негізгі бағыттардың бірі - заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта көшеде жүрген, алкоголь ішетін кәмелетке толмағандарды анықтау. Сондай-ақ, балаларға алкогольдік және темекі өнімдерін сату фактілерін азайтып, девиантты мінез-құлқы бар жасөспірімдер мен өз міндеттерін орындамайтын ата-аналарды анықтап, арнайы есепке қою қарастырылуда. Кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін интернет-ресурстарды анықтап, оларды бұғаттау қажеттілігін ескертеміз,- деді Алмас Сәлімбаев. Полиция қызметкерлері тұрғындарды балалардың құқықтарының бұзылу фактілері байқалған жағдайда дереу полицияға хабар беруге шақырады.