Маңғыстауда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазын анықтайтын комиссия отырысы өтті
Маңғыстауда «Мерейлі отбасы - 2025» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын анықтау мақсатында өңірлік комиссияның отырысы өтті. Отырыста жолдама алған 14 отбасы анықталды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басқармасының бас маманы Наргиза Дүйсенбаева басқосуда комиссия мүшелері ұлттық байқауға қатысуға өтінім берген отбасылардың құжаттарын мұқият қарап, бейнероликтерімен танысып, үздіктерді анықтағанын атап өтті. - Биылғы өңірлік сайысқа теміржол, мұнай-газ, білім, денсаулық сақтау, өнер, спорт және кәсіпкерлік салаларынан 62 отбасы өтінім тапсырды. Сонымен қатар, байқауға көп балалы және жас отбасылар белсенді түрде қатысуда. Облыстық кезеңге биыл 2 қала мен 5 ауданнан үздік деп танылған 14 жанұя жолдама алды. Жолдама алғандардың қатарында Ақтау қаласынан Қонарбаевтар мен Хожахметовтар отбасы, Жаңаөзеннен Тоқбергеновтер мен Татимкуловтер отбасы, Бейнеуден Қанжановтар мен Оспановтар отбасы, Қарақиядан Жұбановтар мен Қарағұловтар отбасы, Маңғыстау ауданынан Бүркітбаевтар мен Егізбаевтар отбасы, Мұнайлыдан Бекталиевтер мен Кисановтар отбасы, Түпқарағаннан Шолтамановтар мен Сәтенбаевтар отбасы бар, - деді Наргиза Дүйсенбаева. Айта кету керек, ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі қыркүйек айында өтеді. Жеңімпаздар туралы ақпарат ресми түрде жарияланатын болады.