Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан ботаникалық бақ жұмысымен танысты
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» өкілдерімен бірге Ақтаудағы ботаникалық бақтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында қатысушылар ботаникалық бақ аумағына ағаш отырғызып, өңірдің көгалдандырылуына үлесін қосты. Ботаникалық бақтың бас директоры, биология ғылымдарының кандидаты Ақжүніс Иманбаева мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Ол сондай-ақ Маңғыстау өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау және ғылыми тұрғыдан зерттеу бағытында халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру туралы ұсынысын жеткізді. Кездесуге қатысқан Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Әсел Балманова мен облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы әйелдер қанатының кеңесшісі Пания Сармурзина да сөз сөйлеп, өңірдегі экологиялық саясат, биоалуантүрлілік, гендерлік бастамалар және әйелдердің қоғамдағы рөлі жөнінде ой қозғады. Жиын соңында Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан сөз алып, ботаникалық бақтың ұжымына алғысын білдіріп, әйелдер қанатының бастамаларына сәттілік тіледі. – Шөлейтті, қуаң климатты Маңғыстауда әрбір отырғызылған ағаш – тіршілікке берілген үміт. Табиғаттың ластануына тосқауыл қойып, жасыл желек отырғызу – тек экологиялық емес, рухани, азаматтық жауапкершілік. Әсіресе, бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда табиғатты аялау арқылы ұрпағымызға үлгі көрсету – біздің парызымыз. Осы бағытта ботаникалық бақ қызметкерлерінің еңбегі зор. Ал «Әйелдер қанаты» секілді бастамашыл топтардың бұл іске үлес қосуы – үлкен қуаныш, – деді Айгүл Құспан Айта кетейік, Ақтаудағы ботаникалық бақ – Маңғыстау өңірінің флорасын сақтау және дамыту бағытында жұмыс істейтін бірегей ғылыми-танымдық мекеме. Бақта 300-ден астам өсімдік түрі өсіріліп, табиғи климатқа бейімделу процесі жүргізілуде.