Моноқалалардың болашағы: Жаңаөзен қаласында 5 зәкірлік жоба іске асады
Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңес өтті. Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай онлайн форматта қатысты.
Президенттің тапсырмасын ескере отырып, моноқалаларды дамытудың жаңа тәсілдері қаралды.
Қазіргі уақытта елімізде шамамен 1,5 млн адам тұратын 20 моноқала бар. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша олардың үлесіне өнеркәсіп өндірісі көлемінің үштен бірінен астамы тиесілі – 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 36,4%-ды құрады.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы моноқалалардың экономикасын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде 78 көрсеткіш негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуға талдау жүргізілді. Индустриалды аймақты құру, жеңілдікпен несиелеу және басқа да жұмыстардың нәтижесінде моноқала мәртебесінен шыққан Саран қаласының оң тәжірибесі ескерілді. Нәтижесінде моноқалалар үш топқа жіктелді, олардың әрқайсысы үшін басым шаралар айқындалды. Олардың қатарында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, өркендеудің жаңа бағыттарын анықтау, IT, АӨК, туризм және ғылым салаларынындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, көлік дәліздері бойындағы сервистік қызметті дамыту, индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыру шаралары бар. Жаңа өндірістік қуатты орнықты жүктеуге бағытталған отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімдер тетігін одан әрі дамытуға және қолдануға ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, Маңғыстау өңіріндегі Жаңаөзен қаласы - еліміздегі моноқалалардың бірі. Бүгінгі таңда қала халқының саны 154,8 мың адамды құрайды.
Жаңаөзен қаласында моноқалалардың экономикасын әртараптандыру және шикізаттық емес секторда баламалы өндірістер құру аясында 5 зәкірлік жоба іске асырылмақ. Оның ішінде 2023 жылы 1 жоба жүзеге асырылса, 2025–2027 жылдар аралығында тағы 4 жоба іске қосу жоспарлануда.
Сонымен қатар, өңірде курорттық аймақтарды дамыту бағытында бірқатар бастамалар қолға алынуда. Бұл бағытта жағажайлық демалыс, сауықтыру туризмі, эко-этномәдени және ойын-сауық туризм салаларын дамыту көзделген. Осыған байланысты «Кендірлі» курорттық аймағын дамыту бойынша нақты жұмыстар жоспарланып отыр.