Жаңаөзенде құқық қорғау органдары тұрғындармен кездесті

Жаңаөзенде құқық қорғау органдары тұрғындармен кездесті

18 маусым күні Аманат партиясының Жаңаөзен қалалық филиалында “Заң мен тәртіп” тақырыбында құқық қорғау қызметкерлері тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Otpannews.kz.

 

Іс-шараның мақсаты – тұрғындарға құқықтық көмек көрсету, олардың сұрақтарын тыңдау, өтініштері мен арыздарын қабылдап, тиісті жауап беру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

 

Бүгінгі кездесуге Көші-қон полиция бөлімінің басшысы Қуат Қанбаев, жергілікті полиция қызметінің басшысы Нұрбақыт Тәттібаев, Жаңаөзен қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы полиция майоры Аян Нұрбаев қатысты.

 

Аталған шараға келген тұрғындар өздерінің мәселелерін айтып, көкейтесті сұрақтарын қойды. Бірі ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуі алимент төлеуден жалтарып жүргенін айтып көмек сұраса, енді бір тұрғын ажырасқаннан кейінгі ортақ мүлікті бөлісу бойынша мәселелерін жеткізді.

 

Байқағанымыздай қазіргі таңда қоғамда ажырасу, алимент төлемеу, ортақ мүлікті бөліспеу секілді мәселелер көп. Кеңес сұрап келген тұрғындардың мәселелерін тыңдаған құқық қорғау қызметкерлері заң аясында жауап беріп, кеңесін берді.

 

-Бүгін жаңаөзендік тұрғындармен кездесу өтті. Кездесуге екі тұрғын келді. Айтылған мәселелері полиция басқармасына қатысы жоқ, десекте түсіндіру жұмыстары жүргізілді, бағыттары көрсетілді, - дейді Жаңаөзен қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы полиция майоры Аян Нұрбаев қатысты.