«Таза Қазақстан»: Маңғыстаудағы сенбілікте 100 қаптан астам қоқыс жиналды
Маңғыстау облысында «Эко Маңғыстау» қоғамдық қорының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Сенбілік шарасы Түпқараған ауданы мен Маңғыстау ауданына қарасты Самал шатқалында өтті. Түпқараған ауданында экологиялық акция 43 шақырымдық аумақта жүргізілді. Іс-шараға 20-дан астам ерікті қатысып, нәтижесінде 80 қаптан астам тұрмыстық қалдық жиналды. Ал Самал шатқалында өткен сенбілікке 20 адам қатысып, 20 қап қоқыс жиналды. –Біздің сенбіліктерімізге жасөспірімдерден бастап қарттарға дейін белсенді қатысады. Балаларымен бірге келетін ата-аналар экологиялық тәрбиенің үлгісін көрсетуде. Маңғыстау өңірінің таза, көрікті болуы тек еріктілердің емес, әрбір тұрғынның қолында. Сол себепті барша халықты тазалықты сақтауға, табиғатты аялауға шақырамын, – деді «Эко Маңғыстау» жобасының менеджері Наталья Зорина. Ақтаулық сүңгуір Қанат Әбдиев те «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты. Ол Каспий теңізінің астындағы 1270 шаршы метр аумақты қоқыстан тазартты. –Ақтаулық сүңгуірлердің арнайы чаты бар. Онда тек мен емес, басқа да сүңгуірлер тазалық жұмыстарына қатысады. Теңіз түбінде көбінесе тамақ қалдықтары мен пластикалық бөтелкелер жиналып қалады. Бұл жолы 8-10 метр тереңдіктен тазарту жұмыстарын жүргізіп, 1 қап қоқыс шығардым. Барша тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, тазалықты сақтауға шақырамын, – деді Қанат Әбдиев. #ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan