Маңғыстауда индустриялық серпіліс: АЭА аумағында 16 жоба жүзеге асады
2026 жылы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 158,6 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске қосылып, 1812 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда өнеркәсіп, логистика, туризм және инфрақұрылым бағыттарындағы нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, өндірістік жабдықтар жеткізілуде.
Өнеркәсіп секторында металлургия және машина жасау бағытындағы бірқатар өндірістер іске қосылады. Атап айтқанда, арматура шығаратын зауыт, қара және түсті металл сынықтарын қайта балқытатын шағын кәсіпорын, болат құю зауыты, полиэтилен құбырлары өндірісі, сондай-ақ трансформаторлар мен кабельдер шығаратын өндіріс орындары іске қосылмақ.
Құрылыс материалдары және химия өнеркәсібі саласында гипсокартон өндіру, асфальт-бетон қоспасын шығару, полиэтилен және термоқысқартылатын пленка өндірісі, полипропилен бұйымдарын жасау, стронций карбонаты мен қабатты күкірт өндіру, сондай-ақ су тазартуға арналған сүзгілер шығару жобалары жүзеге асырылуда.
Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту аясында еуразиялық жеткізу тізбегі базасы, халықаралық контейнерлік хаб салынуда. Сондай-ақ Ақтау халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағы, рульдік жолдар мен перронды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
«Жылы жағажай» аумағында көпфункционалды қонақүй-туристік кешеннің екінші кезеңі, гольф-клуб пен виллалары бар гольф-отель салынуда.
Жалпы алғанда, арнайы экономикалық аймақта іске асырылып жатқан 16 жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 158,6 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 1 812 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Барлық нысандарды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.
Аталған жобалар өңірде заманауи өнеркәсіптік және туристік кластер қалыптастырып, көлік-логистикалық инфрақұрылымды нығайтуға және экономиканың тұрақты дамуына серпін береді.
Маңғыстауда төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері қаралды
24 ақпан күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында азаматтық қорғаныс жүйесінің жай-күйі, шомылу маусымындағы қауіпсіздік, өнеркәсіптік қауіпсіздік және бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметті енгізу мәселелері талқыланды.
Азаматтық қорғаныс саласының орындалуы туралы баяндамада өңірде оқу-жаттығулар мен дайындық іс-шаралары жоспарға сай жүргізіліп жатқаны айтылды. 2025 жылы 2 мыңнан астам оқу-жаттығу өткізіліп, 4 қорғаныс нысаны жаңғыртылды. Сонымен қатар саланы жетілдіру бағытында бірқатар мәселелер көтерілді.
2026 жылғы шомылу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыста 4 құтқару станциясы жұмыс істегенімен, 13 коммуналдық жағажайдың 10-ы қауіпсіздік талаптарына толық сай емес. Өткен жылғы тексерулер барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, айыппұлдар салынған. Осыған байланысты алдағы маусымға дейін жағажайларды жабдықтау, ескерту белгілерін орнату және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі ұсынылды.
Сондай-ақ департаменттің қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүйелі бақылау жүргізілуде. 696 кәсіпорын мен 34 мыңнан астам объекті қадағалауда тұр. 2025 жылы профилактикалық және жоспардан тыс тексерулер барысында мыңдаған бұзушылық анықталып, әкімшілік шаралар қолданылған. Сонымен қатар баяндамашы өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту үшін заң талаптарын қатаң сақтау, профилактикалық жұмыстарды жүйелеу және жауапты мекемелермен бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметті енгізу мәселесі бойынша IT Space компаниясының бас директоры өңірде 112 қызметін іске қосу жоспарларын таныстырды. Жоба аясында шұғыл қызметтердің жұмысын біріктіретін заманауи орталық құру көзделіп отыр. Оны іске асыру үшін инфрақұрылымды дайындау, диспетчерлік орталық құру, техникалық жарақтандыру және қауіпсіз байланыс арналарын ұйымдастыру жоспарланған.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты мекемелерге азаматтық қорғаныс пен қауіпсіздік шараларын күшейту, анықталған кемшіліктерді жою және барлық бағыт бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Мәлік Әбдіқадыров Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша, облыс әкімінің өкімімен Мәлік Әбдіқадыров Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Мәлік Әбдіқадыров "Қайнар" университетінде құқықтану мамандығы бойынша, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін мұнай-газ ісі бойынша білім алған. Ұлыбританиядағы Абердин университетінде Құқық магистрі дәрежесін иеленген. Ұзақ жылдар бойы облыстық прокуратурада қызмет етті, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының басқармаларында басшылық қызметтерді атқарды, «Западная курна»-2 «Лукойл-Оверсиз» жобасы Ирак мемлекеті Басра қаласында, ҚР Табиғи монополияларды реттеу, ҚР Ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің департаментін басқарды. 2020-2024 жылдары – Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Осы уақытқа дейін Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымында болды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Маңғыстауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында іс-шаралар жалғасуда
Маңғыстауда Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағында өсімдіктерді өсіп-өндіру бағытында іс-шара өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Іс-шара аумақты көгалдандыру, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық құндылықтарды жастар мен өңір тұрғындары арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, көгалдандыру акциясына білім беру мекемелерінің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, еріктілер және туған өлкенің табиғатын сақтауға үлес қосуды қалаған барлық азаматтар қатысты. Экологиялық акцияның мақсаты – табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, экологиялық жауапкершілікті арттыру және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған практикалық бастамаларға тарту. Іс-шара барысында Маңғыстау өңірінің климаттық жағдайына бейімделген ағаш-бұта және сәндік өсімдіктердің тұқымдары себілді. Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағы Маңғыстаудың шөлді аймағына арналған ағаш көшеттерін жедел өсіру әдісін әзірлеп, патенттеген. Аталған патенттелген технологияны іске асыру аясында жапон софорасы, Гиннал үйеңкісі, ланцетті шаған ағашының тұқымдары, сондай-ақ ақ тұт көшеттері отырғызылды. Тұқымдардың өнгіштігін тексеру және өнуін жеделдету мақсатында өсу стимуляторларымен (Корневин, калий перманганаты, гумат) өңдеу жүргізілді. Сонымен қатар, бақылау нұсқасы ретінде сумен өңдеу тәсілі қолданылды. Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағының директоры Ақжүніс Иманбаева аталған іс-шара аясында тұқым себудің заманға сай әдістері қысқаша таныстырылғанын атап өтті. -Біз соңғы үш жыл ішінде мақсатты бағдарлама аясында жұмыс жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда тұқым себу кезінде бірқатар инновациялық тәсілдер қолданылуда, атап айтқанда, тамшылатып суару технологиясы мен жылыжайда температура мен ылғалдылықты бақылау жүйесі. Аталған әдістер тұқымдардың өнгіштік пайызын арттырып, өсірілетін көшеттердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді Ақжүніс Иманбаева.
#ТазаҚазақстан #тұрақтыдаму #тазажер #экология #TazaChallenge
Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының ұжымы жаңа Конституцияны қолдады
Маңғыстаудағы маңызды стратегиялық нысанның бірі - «МАЭК» ЖШС (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты) ұжымы жаңа Конституцияны қолдады. Бүгінде кәсіпорында 3500-ден астам адам еңбек етеді. «МАЭК» ЖШС - өңірдегі стратегиялық маңызы бар энергетикалық нысан. Кәсіпорын облыс халқын тұрақты электр қуатымен, су және жылумен қамтамасыз етіп, тұрғындардың тіршілік тынысын үздіксіз қолдап келеді. Әрбір қызметкер өңірдің орнықты дамуына және халықтың өмір сапасын арттыруға өз үлесін қосуда. Ұжым атынан кәсіпорын басшысы Кинис Ураков сөз сөйлеп, референдумға қатысу - азаматтық жауапкершіліктің және еңбек ұжымының саналы ұстанымының көрінісі екенін атап өтті. «Біз күн сайын өңіріміздің дамуы мен тұрақтылығы үшін еңбек етеміз. Әр қызметкердің еңбегі - Маңғыстаудың өркендеуіне қосылған үлес. Референдум - еліміздің болашағын өз дауысымыз арқылы айқындауға берілген маңызды мүмкіндік. Шешімді бірге қабылдай отырып, біз сенімді, тұрақты әрі гүлденген Қазақстан үшін жауапкершілігімізді көрсетеміз. Болашақ - әр дауыста, әр әрекетте, әр адамның таңдауында. Біз, МАЭК ұжымы, жаңа Конституцияны толық қолдаймыз», - деді Кинис Ураков. Кәсіпорын ұжымы жаңа Конституция мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға, демократиялық институттарды дамытуға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыруға бағытталғаны атап өтті. «МАЭК» ЖШС өңірдегі негізгі кәсіпорындардың бірі ретінде өзінің белсенді азаматтық ұстанымын білдіріп, Қазақстан Республикасының дамуы мен өркендеуіне бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін растады.
#референдум2026 #ЖаңаКонституцияҮшін #ЗАновуюКонституцию #АтаЗаң #15наурыз #АтаЗаңдыҚолда
Маңғыстауда «МузАРТ» тобының қатысуымен жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды форум өтті
23 ақпан күні Ақтау қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенінде жаңа Конституцияны қолдауға арналған форум өтті. Ауқымды іс-шараға шамамен 4000 адам – қоғам өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, жастар және өңір тұрғындары қатысты. Форумның хедлайнері – «МузАРТ» тобы. Олар танымал әндерін орындап, залдағы әр буын өкілдерін біріктіріп, бірлік пен патриоттық рухқа толы ерекше атмосфера жасады. Іс-шара конституциялық реформалар, қоғамдық даму және азаматтық жауапкершілік мәселелеріне арналды. Қазақстан Республикасының конституциялық реформа жөніндегі комиссиясының мүшесі, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстанның болашағы қоғамның белсенді азаматтық ұстанымына және жастардың мемлекетті дамытудағы рөліне тікелей байланысты екенін атап өтті. «Жастар – елдің қозғаушы күші әрі стратегиялық ресурсы. Болашақта қуатты, әділетті әрі өркендеген Қазақстанды құру – сіздердің қолдарыңызда. Конституциялық реформалар азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайтуға бағытталған, ал референдумға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі», – деп атап өтті Жаңбырбай Матаев. Сондай-ақ Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Уайс Ерсайынұлы азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы мен қоғам бірлігінің маңыздылығын атап өтті. Жастардың рөлі ерекше атап өтілді: Ақтау қаласындағы мектеп-гимназиясының педагогі Мадина Алиева және Yessenov University студенті, болашақ заңгер Бекзат Қадырбаев жаңа Конституцияның маңызы мен азаматтық белсенділік туралы ойларын бөлісті. Қатысушылар Ата заңның тең құқықтарды, білім алу мен кәсіби дамуға және ел өміріне қатысуға кең мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Форум М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздарының концертімен жалғасты. Атап айтқанда, Аида Байгелова, Асқар Көшеров, Асанәлі Көшеров, Нар-ұлт тобы, Ақмарал Арғынқызы және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті. Кештің ең әсерлі сәтінің бірі – залдағы көрермендермен бірге орындалған «Өз елім» әні болды. Форум қатысушылары жаңа Конституцияны толық қолдап, әрбір азаматтың ел тағдырына үлес қосу маңыздылығын атап өтті. Іс-шара бірлік, ұйымшылдық және ел болашағына ортақ жауапкершілік рухында өтті. Маңғыстауда өткен форум қоғамның жоғары деңгейдегі бірлігін көрсетіп, Қазақстан Республикасын әрі қарай дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауды айқын көрсетті.
Маңғыстаулық ерекше қажеттілігі бар спортшылар ел біріншілігінде жоғары нәтиже көрсетті
Маңғыстаулық спортшылар Өскемен қаласында өткен жеңіл атлетикадан есту органдары зақымданған 12–15 жас аралығындағы жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған додада Маңғыстау облысының спортшылары өңір намысын абыроймен қорғады.
Жарысқа Маңғыстау облысы білім басқармасының «Облыстық арнайы мектеп-интернат» КММ оқушылары облыс командасы сапында қатысты.
Жеке есептегі нәтижелер:
1-орын Акулин Семен – ядро итеру;
2-орын Бақберді Оразбек – ядро итеру;
2-орын Джаксылык Жоламан – 400 м жүгіру;
3-орын Султанов Қожаберді – биіктікке секіру;
2-орын Бақберді Оразбек – үш қарғып секіру;
3-орын Султанов Қожаберді – үш қарғып секіру;
2-орын Акулин Семен – ұзындыққа секіру.
Эстафеталық жарыста 4×200 м эстафета (ұлдар) І орын алды. 4×400 м эстафета (ұлдар) ІІ орын иеленді.
Командалық есеп бойынша Маңғыстау облысының ұлдар құрамасы жалпы командалық есепте ІІІ орын иеленді.
Маңғыстаулық оқушылар республикалық конкурста жеңімпаз атанды
Маңғыстаулық оқушылар республикалық ғылыми жобалар конкурсының қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, білім додасы Қарағанды қаласында өтті.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының қоғамдық-гуманитарлық бағытының қорытынды кезеңіне қатысқан оқушылар жүлделі орындармен марапатталды.
- Қуанышбек Жібек - Жаңаөзен қаласы, С.Бегендікұлы атындағы №4 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы, Адам және қоғам секциясы бойынша ІІ орын;
- Нақыпбек Бибінұр - Мұнайлы ауданы, №9 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы, «Тіл білімі» (қазақ тілі) секциясы бойынша ІІ орын;
- Мұхтар Еркебұлан - Қарақия ауданы, №8 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы, «Этномәдениеттану» секциясы бойынша ІІІ орын;
- Алмас Алина - Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы, «Тіл білімі» (орыс тілі) секциясы бойынша ІІІ орын;
- Маратов Дастан - Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы, «Тіл білімі» (орыс тілі) секциясы бойынша ІІІ орын;
- Төлеген Ізберген - Жаңаөзен қаласы, №15 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы, «Тіл білімі» (орыс тілі) секциясы бойынша ІІІ орын;
- Жұмабек Еркебұлан - Жаңаөзен қаласы, №15 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы, «Тіл білімі» (қазақ тілі) секциясы бойынша ІІІ орын;
- Асылхан Інжу - Ақтау қаласы, Т.Айбергенұлы атындағы №19 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы «Тіл білімі» (ағылшын тілі) секциясы бойынша ІІІ орын.
Ерекше жетістігі үшін Грамота иегерлері:
- Сағынбай Ақжібек - Бейнеу ауданы, Бейнеу гимназиясының 9-сынып оқушысы, «Өлкетану»секциясы;
- Аманбай Нұрбану - Жаңаөзен қаласы, №24 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы, «Тіл білімі» (ағылшын тілі) секциясы;
- Есбосын Раушан - Жаңаөзен қаласы, №24 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы, «Тіл білімі» (ағылшын тілі) секциясы.
Сондай-ақ, ғылыми жобалар конкурсының жаратылыстану – математикалық бағыты бойынша қорытынды кезеңі Астана қаласында 24-27 ақпан аралығында өтеді.
Маңғыстауда кітапханашылар Референдумда дауыс береді
Маңғыстауда Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының ұжымына жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында кездесу өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Жиынға Маңғыстау облыстық коалиция мүшелері мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Басқосуда жаңа Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты түсіндірілді. Маңызды құжатты арнайы 130 мүшеден тұратын Конституциялық комиссия қарағаны айтылды. Құжаттағы білім, ғылым, инновация, жасанды интеллект, тіл мәселелері және табиғатты қорғау бағытындағы жаңашылдықтар талқыланды. Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы кітапханашысы Мөлдір Мырзатаева жаңа Конституция бойынша пікір білдірді. -Бүгін өңірлік коалиция мүшелері жаңа Конституцияға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нақты әрі толық ақпарат берді. Өз ойымды айтар болсам, қазіргі таңда жаңа Ата Заңымызға өзгерістер енгізіліп, адам өмірі мен құқығы басты құндылық ретінде айқындалды. Бұл өзгерістерді мен қолдаймын. Себебі көпбалалы ана ретінде және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Балалардың дені сау құрдастарымен бір мектепте білім алып, қоғамда бірге өмір сүруіне жағдай жасау бағытында маңызды әрі оң өзгерістер енгізілген деп есептеймін. Сонымен қатар тіл туралы заңдағы өзгерістер де көңіл қуантады. Жалпы енгізіліп жатқан барлық өзгерістерді қолдаймын және халықты 15 наурызда өтетін референдумды қолдауға шақырамын, - деді Мөлдір Мырзатаева.