Құрық ауылына 7,6 шақырым автожол салынады

Құрық ауылына 7,6 шақырым автожол салынады

Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылының асфальт төселмеген көшелеріне 7,6 шақырым ауылішілік автокөлік жолын салу жобасы Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болды. Қазіргі уақытта мердігер мекемені анықтау мақсатында конкурс жарияланды. Бұл туралы Қарақия аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асан Чукин мәлім етті. Оның айтуынша, бұрын асфальтталмаған кейбір шағын аудандар қамтылатын болады. Оның ішінде, 13 шағын ауданның төрт көшесі, 9 шағын ауданның екі көшесі, Әлиев көшесі, 3А шағын ауданы, Жолшы массиві шағын ауданының бір көшесі, 2 шағын ауданның екі көшесіне автокөлік жолы салынатын болады. - Аталған жобаға Республикалық бюджеттен қазіргі таңда 90% қаражаты бөлініп тұр. Мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары биыл басталатын болады. Сонымен қатар, Сенек және Мұнайшы ауылдарының асфальтталмаған көшелеріне автокөлік жолын салу жобасының сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамаға жолданды. Сараптаманың оң қорытындысын наурыз айында алып, тиісті жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отырмыз, - деді Асан Чукин.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі