Биыл Маңғыстау облысында 74 шақырым ауылішілік жол жөнделеді

Биыл Маңғыстау облысында 74 шақырым ауылішілік жол жөнделеді
Облыс әкімі «Мәстек-Қызан» автожолының құрылысын мерзімінде бастамаған жауаптыларды сынға алды
 
Өңір тұрғындарын тоқ, су, газбен қамту және автомобиль жолдарын салу бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жол картасы қалай орындалып жатыр? Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында облыстық энергетика және ТКШ басқармасы мен автомобиль жолдары басқармасының басшылары осы сұрақтарға жауап берді. 2021 жылы жалпы құны – 510,4 млн.теңге болатын Маңғыстау ауданының Бекі, Басқұдық және Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылын сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде ауылдық елді мекендердің суға қолжетімділігі 96,2 % құрайтын болады. Биыл сондай-ақ, Қаражанбас кенорнында қуаты тәулігіне 17,0 мың текше метр су тұщыту қондырғысының құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Жоспар бойынша жыл соңында іске қосылады. «Маңғыстау селосының кәріз желілері құрылысы» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жылы Ақтау қаласындағы 16, 18, 19а, 19 ш/а ұзындығы 11,3 шақырым электрмен жабдықтаудың шағын ауданішілік инженерлік желілері жүргізілуде. Жобаны аяқтау 2021 жылдың соңына белгіленген. Биыл жоспар бойынша Ақтаудың көп қабатты тұрғын үйлеріндегі 15 лифті жаңартылады. Мұнайлы ауданы Дәулет ауылына газбен жабдықтау желісінің құрылысы жүргізілуде. Жоба бойынша ұзындығы – 20,1 км. Қазіргі таңда 6,7 шақырымы жүргізілді. «Қала, аудан көшелерін жарықтандыру үшін 2021 жылы 4000 шам орнату жоспарланған. Қазіргі таңда 2 659 шамдары орнатылды (Ақтау қ. – 2000, Жаңаөзен қ. – 135, Қарақия ауданы – 524). Жыл соңына дейін жоспар бойынша жарықтандыру жұмыстары толық аяқталады»,-деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Б.Қартбаев. Ал, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы А.Қалиевтің баяндауынша, биыл облыстық маңыздағы 18,5 шақырым жол жаңартылады. Осыған сәйкес қазіргі таңда, «Ақтау – Форт-Шевченко» автомобиль жолын реконструкциялау 5-29 шақырым аралығы, 1-ші іске қосу кешені» - 24 шақырым жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда жол 2 жолақтан 4 жолаққа дейін кеңейтіліп, жаңадан салынатын 2 жолаққа асфальт жабындысы төселді. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар автожолдарды салу құрылысы, реконструкциялау және орташа жөндеу жұмыстары бойынша биылға 40 шақырым жоспар қойылды. Осыған сәйкес бүгінде Маңғыстау ауданында «Шетпе – Қызан» жолын реконструкциялау, «Шетпе – Тиген – Қызан» жолын орташа жөндеу, Оңды лагеріне кіре беріс жолын орташа жөндеу, және Мұнайлы ауданында Маңғыстау станциясын айналып өту жолын орташа жөндеу, Басқұдық селосындағы орталық көшенің жолын реконструкциялау –Жаңаөзен қаласындағы Жаңаөзен әуежайына кіреберіс автожолын орташа жөндеу жобалары іске асырылуда. Осы орайда облыс әкімі С.Трұмов «Мәстек-Қызан» автожолын асфальттау жұмысының әлі күнге дейін басталмағанын айтып, басқарма басшысын сынға алды. «Өңірде ауылмен ауылды жалғайтын жолдардың барлығы жаңартылды, жөнделді. Бір ғана «Мәстек-Қызан» жолы қалып тұр. Қаржысы қаралған. Әлі күнге дейін жұмыс басталмаған. Маңғыстау ауданы әкімі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысына бір апта мерзім беремін, жұмысты бастаңыздар»,-деді өңір басшысы. Биыл ондай-ақ, қалалық маңызы бар автожолдарды салу құрылысы, реконструкциялау және орташа жөндеу бойынша Форт-Шевченко қаласындағы 6 көшеге жол салу, Ақтау қаласындағы №33, 32б,31б ш/а автомобиль жолын салу, «Рауан» т/ү алабында автомобиль жолын салу жоспарда бар. 2021 жылы ауылішілік автомобиль жолдарын салу құрылысы, реконструкциялау және орташа жөндеу бойынша 73,9 шақырым жоспарға қойылды. Осыған сәйкес, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау және Түпқараған аудандары бойынша жалпы саны 18 жоба, оның ішінде 12 жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен, қалған 6 жоба өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
 
Жалпы, облыстың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 2957 шақырым (республикалық маңыздағы – 1013шқ, жергілікті маңыздағы – 1944шқ).
 
Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 90,1 %-ды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 92,8 %-ға жеткізу көзделуде. 2025 жылға дейін 100 %-ды қамту жоспарланған. Облыс әкімі қос басқарма басшысы мен қала, аудан әкімдеріне аталған жобаларды мерзімінде орындауды тапсырды. «Біз сайлаушыларға уәде бердік «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы уақытылы орындалуы тиіс. Әр жобаның сапасына, әсіресе жол сапасына мән берілуі қажет. Жол – халыққа ұзақ жыл қызмет жасауы қажет»,-деді С.Трұмов.
 
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі