ҚАРАҚИЯ АУДАНЫНДА 19,8 ШАҚЫРЫМ АУЫЛІШІЛІК АВТОКӨЛІК ЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ҚАРАҚИЯ АУДАНЫНДА 19,8 ШАҚЫРЫМ АУЫЛІШІЛІК АВТОКӨЛІК ЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылында "Ауыл - Ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында 19,8 шақырым автокөлік жолының құрылысы жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру барысын "Ақжол+К" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алды. Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков мәлім етті.
Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары Жаңақұрылыс, Күржіманұлы, Қалманбетұлы, Алиев, Мыңбаев, Әубәкіров, Әубәкіров-2, Жанғабылов, Мұнайшы - 1 шағын аудандарын қамтиды.
«Баршаңызға белгілі биыл «Құрық – Жетібай» бағытындағы 64 шақырым болатын автокөлік жолын қайта құрылымдаудан өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта 27,5 шақырымды құрайтын Құрық, Мұнайшы, Жетібай, Сенек ауылдарының автокөлік жолдарын салуға сметалық құжаттарын жасау үшін бастапқы қаражат бөлінді.
Сонымен қатар, Бостан ауылындағы 2,7 шақырым ауылішілік автокөлік жолының құрылысы, Құрық ауылына қарасты Маңғыстау жері елді мекенінің 3 шақырым ауылішілік автокөлік жолының және Ералы бекеті елді мекенінің 1,8 шақырым ауылішілік автокөлік жолының құрылыстары биыл басталады", - деді Қыдырберді Беков.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ