МАҢҒЫСТАУ ЖОЛДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ТИІСТІ МАМАНДАРДЫҢ ЖІТІ БАҚЫЛАУЫНДА

МАҢҒЫСТАУ ЖОЛДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ТИІСТІ МАМАНДАРДЫҢ ЖІТІ БАҚЫЛАУЫНДА

Бүгін түнде Маңғыстаудың кей аудандарына қалың қар түсуіне байланысты коммуналдық кәсіпорындар тәулік бойы жұмыс кестесіне көшті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің бас маманы Манас Бітімов мәлім етті.

«Қазіргі таңда облыстық маңызы бар жолдарға арнайы 5 мекеме қызмет етеді. Ал республикалық маңызы бар жолдарға арнайы 1 мекеме қызмет көрсетеді. Қалаішілік жолдар үшін де 1 мекеме жауап береді. Бұл мекемелер қазір қала жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде», - деді Манас Бітімов.

Айта кетейік, республикалық маңызы бар жолдарға 10 техника, 25 қызметкер жұмылдырылды. Облыстық маңызы бар жолдарда 35 техника, 65 қызметкер қызмет етіп жатыр. Жолдың түсетін бөлігі (спуск) мен бұрылыстарға 30 т инертті материал себілді. Ал қалаішілік жолдарға 221 т инертті материал себілді. Оған 25 қызметкер, 10 техника атсалысты. Спикердің мәліметінше, аталған автожолдарға қосымша техника көзделуде.

«Ең қауіпті жолдар: «Ақтау-Форт-Шевченко», 43 км бастап Қаламқас кенорнына дейін және Таушық-Шетпе бағыттары. Ал «Ақтау-Жаңаөзен», «Ақтау-Құрық» бағытындағы жол таза. Егер қар жаууы тоқтамаса жолдарды жабуымызға тура келеді. Қала тұрғындарын осы аптада шама келгенше алыс жолға шықпауға шақырамын. Жолға шыққан жағдайда автокөліктің дөңгелектерін қыстық түріне ауыстырып, басқа да құрал-жабдықтарын мұқият тексеруі қажет», - деді Манас Бітімов.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ