МАҢҒЫСТАУ МЕН БАЛҚАН ӘКІМДЕРІ ОНЛАЙН КЕЗДЕСТІ

МАҢҒЫСТАУ МЕН БАЛҚАН ӘКІМДЕРІ ОНЛАЙН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов пен Түркіменстанның Балқан уәлаятының хакімі Т. Атахаллыев онлайн кездесу өткізді. Көршілес жатқан қос өңірдің басшылары екі ел арасындағы экономикалық, мәдени байланыстарды одан әрі нығайту жолдарын талқылады.
С.Трұмов бұл кездесуді өткізуге ұсыныс жасаған Балқан уәлаятының хакіміне алғысын білдіріп, Түркіменстан Республикасының астанасы Ашхабадтың 140 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың маңызы зор деп санаймын. Түркіменстан Қазақстан үшін Оңтүстік Азия, Парсы шығанағы мен Еуропаға жол ашатын «көпір» болып табылады. Бұл ретте Қазақстанның транзиттік жағдайы - Қытайға, Ресейге және басқа посткеңестік елдерге түркімен экспорттық бағыттары үшін байланыстырушы буын. Көршілес жатқан екі өңір арасында тиімді байланыстың беки түсеріне сенімім мол және Түркімен кәсіпкерлерін бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырамын»,-деді С.Трұмов.
2018 жылдан бастап өңірлер арасындағы тауар айналымы артып келеді.
2021 жылғы қаңтар-наурыз аралығында Маңғыстау облысының Түркіменстанмен сыртқы сауда айналымы 7,4 млн.АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,8%-ға артық.
Маңғыстау облысында экономиканың түрлі салаларында, түрікмен капиталының қатысуымен 16 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
2018 жылы Түркіменстанда Маңғыстау облысы мен Балқан уәлаяты кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес форум өткен болатын. Т. Атахаллыев бұл кездесудің екі өңір арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге шығаратынына сенімі мол. Ол Маңғыстау облысымен өнеркәсіп және ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, жаңа технологиялардың көмегімен балық шаруашылығын құрып, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
«Түркіменстандағы Қазақстан елшілігі арқылы жолдаған Маңғыстау облысы мен Балқан уәлаяты арасындағы шекаралас әріптестікті жандандыру, «Түркіменбасшы - Ақтау – Түркіменбасшы» әуе бағытын ашу сынды басқа да ұсыныстарыңызды зор құрметпен қабылдаймыз. Алдағы уақытта аталған жобаларды жүзеге асыру жолдарын жан-жақты қарастырамыз»,-деді Т. Атахаллыев.
Кездесу соңында облыс әкімі С.Трұмов пен Балқан уәлаятының хакімі Т. Атахаллыев 2021-2025 жылдарға жоспарланған ынтымақтастық жөніндегі ресми құжаттарғақа қол қойды.