2025 жылғы 22 сәуірде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Е. Ізбергеновтың төрағалығымен «KMG PetroChem» ЖШС және «Sinopec Overseas Investment Holding» компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында «Поливинил спирті өндірісін шығаратын зауыттың құрылысы» жобасын жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады.
«Sinopec Chongqing SVW Chemical» компаниясының вице-президенті Шао Кефу компанияның газ-химия саласындағы перспективті жобаны іске асыру жоспарларымен таныстырды. Ол Маңғыстау облысы басқа өңірлермен салыстырғанда бірқатар бәсекеге қабілетті артықшылықтарға ие екенін атап өтті, олардың ішінде – газ көздеріне жақын орналасу, арнайы экономикалық аймақ шеңберінде салықтар мен кедендік баждардан босату, сондай-ақ Транскаспий көлік дәлізі (ТКД) арқылы мақсатты нарықтарға экспорттау мүмкіндігі бар.
Өз кезегінде, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Е. Ізбергенов жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Кездесу қорытындысында екі тарап та жобаның сәтті жүзеге асырылатынына сенім білдіріп, ол өңірдің газ-химия саласын дамыту және халықаралық серіктестермен экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы болатынын айтты.