Қыркүйектің бірінші жексенбісінде біз жыл сайын Қазақстан Республикасының Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күнін салтанатты түрде атап өтеміз.
Маңғыстаудың «қара алтынын» игеру тарихы өткен ғасырдың 60-жылдарының басында ірі Оңтүстік-Маңғыстау мұнай-газ бассейнінің ашылуынан бастау алады. Дәл сол жылдары іздеу және барлау жұмыстары табыспен аяқталды - Өзен және Жетібай, одан кейін Теңге, Тасболат, Қарамандыбас және басқа мұнай кен орындары ашылып, игеруге енгізілді.
Осы мереке күні кен орындарын іздеу мен жайластыруды жүргізген мұнай-газ саласының ардагерлеріне, алғашқы ізашарларына алғыс білдіруге мүмкіндігіміз бар.
Сол кездегі мұнайшылардың ерен еңбегі Маңғыстауды өткен ғасырдың 70-жылдарының басына қарай өте қысқа мерзім ішінде бұрынғы Кеңес Одағының жетекші мұнай өңірлерінің қатарына шығаруға мүмкіндік берді.
Мұнайшылармен, геофизиктермен, геологтармен қатар саланы дамыту үшін жағдай жасағандар да аянбай еңбек етті.
Бұл құрылысшылар, жүргізушілер, энергетиктер, байланысшылар, аспаздар, дәрігерлер, жөндеу қызметтері және басқалар.
Біз, қазіргі ұрпақ, олардың барлығына өте ризамыз.
Қазіргі уақытта Маңғыстауда шамамен 18 млн. тонна шикі мұнай, 3,0 млрд. текше метр табиғи газ өндіріледі. Бұл Қазақстанның 23% - шикі мұнайы, 5,4% - табиғи газы.
Мұнай-газ саласында 115-тен астам кәсіпорын, 40 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
Өндірілетін көмірсутек шикізатының негізгі көлемі «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Бозашы Оперейтинг ЛТД» компаниясының филиалы, «Тоталь Е энд П Дунга ГмбХ» компаниясы және «Қарақұдықмұнай» ЖШС сияқты ірі жер қойнауын пайдаланушылардың үлесіне тиесілі.
Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Жеңіс», «Әл-Фараби» учаскелерінде жаңа кен орындарын барлау, Теңіз кен орындарын игеру жұмыстары жүргізілуде.
Құрметті мұнайшылар, Маңғыстау облысының тұрғындары сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешені қызметкерлері күнімен құттықтаймыз, Сіздерге жаңа еңбек жетістіктерін, өндірістік табыстарды, өндіру мен өңдеуде жаңа тереңдіктерді бағындыруды тілейміз!
Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық пен амандық тілеймін! Біздің еліміз гүлденіп, Тәуелсіздігіміз мықты болсын!