"Бозжыра" қоғам мен мамандардың ой-пікірі ескеріле отырып жүзеге асырылады

"Бозжыра" қоғам мен мамандардың ой-пікірі ескеріле отырып жүзеге асырылады
Коронавирус пандемиясы - әлемде туристік саладағы жағдайдың күрделенуіне қарамастан, ішкі туризмнің өсуіне айтарлықтай ықпал етті. Биыл теңіз жағалауында бес жұлдызды қонақүйдің ашылуымен, өңірге келген туристер санының артқанын байқап отырмыз. Келген саяхаттаушылар Маңғыстаудың табиғи жерлерін де аралап, әсіресе Бозжыра шатқалына қызығушылық танытуда. Бозжыраға тек тамыз-қазан аралығында 2 мыңға жуық адам барған. Келер жылы бұл сан 5 есе өседі деген болжам бар. Туристердің қорыққа бейберекет барып, өздігінше жүруі бұл табиғатқа орасан зиян келтіруде. Сондықтан Бозжыраға баратын жол салып, туристердің жайлы демалуына жағдай жасауымыз керек. Президент те осы жағдайға байланысты пікірін білдіріп, экотуризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайтынын айтты. Мемлекет басшысы тапсырғандай, бұл жоба сарапшылардың, қоғамдық кеңестер мен жауапты сала жетекшілерінің ой-пікірлері ескеріле отыра жүзеге асырылады. Бозжыра аумағында сафари-отель салу идеясын «Rixos» қонақүй кешенін іске қосқан инвесторлар ұсынды. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Инвестор Бозжырадағы қонақ үйді шатқалдан 2 шақырым жерде салуды ұсынып отыр. Дайын болған соң қоғамдық тыңдауларға ұсынылады. «Біле білсек, бұл бізге беріліп тұрған зор мүмкіндік. Ірі инвестор ел туризмін дамытуға мол қаржы құйғалы отыр. Мұнайға ғана тәуелді болу болашақ үшін қауіпті. Көп елдің тәжірибесі көрсетіп отырғандай туризмді дамыту арқылы, экономикамызды өркендете аламыз. Шағын және орта бизнестің дамуына, жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылуына жол ашамыз. Құрметті азаматтар, журналистер, мен де өз елімнің патриотымын, туған жерімнің жанашырымын. Азаматтарымыз табыс тауып, жағдайын жақсартып жатса қуанамын», -деді Маңғыстау облысының әкімі.