12 мамыр күні елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу-Даби Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның қатысуымен «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумы өтті. Аталған шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов бастаған делегация да қатысты.
Бизнес-форум аясында цифрлық технологиялар, қаржы, урбанистика және «жасыл» экономика бағыттарындағы заманауи трендтерді қамтыған бірқатар тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.
Панельдік отырыс барысында Ербол Ізбергенов «Қалалық дамудың болашағын қалыптастыру: жаһандық үрдістер мен жаңа кезеңнің сын-қатерлері» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ, форумда екі елдің бизнес қауымдастықтары арасында B2B форматында кездесулер өткізіліп, бірқатар коммерциялық келісімдер жасалды.
Оның ішінде, SEMURG INVEST ЖШС мен Abu Dhabi Ports Group арасында «Құрық» портында «Саржа» әмбебап терминалының құрылысын жүргізу және пайдалану жобасы бойынша мәміленің негізгі шарттары жөніндегі келісім және «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймағы АҚ мен Khalifa Economic Zones Abu Dhabi арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі