5 сәуір күні Ақтауда Түркі әлемінің мәдени астанасы жылының ресми ашылу салтанаты өтеді. Каспийдің жағасына 30-ға жуық киіз үй тігіліп, түркі халықтарының ортақ мәдени құндылықтары насихатталады, деп хабарлайды otpannews.kz.
4, 5, 6 сәуір күндері «Дархан дала» этноауыл қалашығы жұмыс істейді. Мұнда үш күн бойы мәдени шаралар мен концерттік бағдарламалар өтеді. Думанды мерекеге 1149 өнерпаз жұмылдырылмақ, оның 125-і шетелдік әртістер.
- Ерекше сахна жасалып жатыр. Маңғыстаудың таулары, қыраты мен жоталары бейнеленген. Бұл сахнада ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің шеруі, театрландырылған қойылымдары, отандық және шетелдік әртістердің концерті өтеді. ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлері, халықаралық ұйымдардың басшылары, қоғам қайреткерлері келеді деп жоспарланып отыр. Жалпы, шетелден 100-ге жуық қонақ келеді. Одан бөлек еліміздің өзге де өңірлерінен делегация келе жатыр, - дейді Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали.
Шетелдік қонақтар үшін 30 аудармашы, 150-ге жуық ерікті жұмылдырылған. Жағалауындағы этноқалашықты құру жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. Бірінші сәуір күні басталған жағалаудағы дайындық жұмыстары ертең толық аяқталмақ. Қазір мұнда киіз үйлер мен алтыбақандар орнатылып, киіз үйлерді безендіріліп үлгерген. Одан бөлек, жасанды көгал төселіп жатыр.
- Бұрын-соңды Ақтауда мұндай ауқымды шара болмаған. Ақтау «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деген статусқа ие болған Қазақстандағы үшінші қала. Осыған дейін Астана, Түркістан қалалары болған еді. Биыл жыл соңына дейін 30-ға жуық шара өткізуді деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде фестивальдер, байқаулар, ғылыми конференциялар, көрмелер бар. Жалпы мұндай шара өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық және туристік әлеуетіне серпін береді, - деді Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали.