Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының наурыз айының 1-і күнінен басталатынын хабарлады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі. Бұл туралы Қоғамдық Коммуникация орталығында өткен брифингте
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігінің филиалы Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Ануарбек Елжанов хабарлады.
Спикердің айтуынша, Рамазан айында ауызашарлар ұйымдастырылып, Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар өтеді, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлап, қайырымдылық іс-шараларын өткізу көзделген.
- Рамазан – қайырымдылық айы. Жақсылықтар еселенетін ай. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір өсиетінде: «Садақаның абзалы – Рамазан айында берілген садақа», - деп сүйіншілейді.Мешіттерде ораза айында «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Жомарт жұма» сынды ауқымды қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Биылғы жылғы підия мөлшері-3520теңге.Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді. Дәулетті адамдар садақаны құрма, мейіз бағасымен де беруіне болады. Підия (фидия) төлеуге шамасы келмейтін мұсылмандар пітір құнымен де підия бере алады,- деді Әнуар Елжанов.
Ораза күндері денсаулыққа қауіп төндірмеу үшін тамақтану сапасына баса назар аудару қажет. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Манғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Баян Сатқанбаева хабарлады.
Спикердің айтуынша, жеке бас гигиенасын сақтап және санитарлық талаптарды орындау қажет.
- Тамақтан улану қауіпін болдырмау және іш ауруларының алдын алу маңызды мәселе болып табылады. Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қарапайым, бірақ тиімді ережелер ұсынады. Бірінші кезекте, тағам сатып алу кезінде қаптаманың тұтастығына, өндіру мен жарамдылық мерзімдеріне назар аудару қажет. Тамақ дайындау кезінде тек жаңа өнімдер қолдану аса маңызды. Салаттар мен дайындалатын тағамдарды тоңазытқышта сақтау, сонымен қатар, бұл тағамдарды дайындағаннан кейін екі сағат ішінде пайдалану ұсынылады,- деді Баян Сатқанбаева.
Ораза айында әр адамның денсаулығы үшін қажетті қоректік заттарды алу маңызды. Дұрыс тамақтануды ұстана отырып, жаңа көкөністер мен жемістерді күнделікті рационға енгізу, көп сұйықтық ішу, тұздың орнына дәмдеуіштерді қолдану ұсынылады. Бұл туралы Қоғамдық Коммуникация орталығында өткен брифингте МО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева хабарлады.
Спикердің айтуынша, ең бірінші орында денсаулықты сақтау.
- Құрметті тұрғындар, Рамазан айында денсаулығыңызды сақтау – өте маңызды. Ораза кезінде дененің әлсіреп кетпеуі үшін барлық қажетті қоректік заттарды, витаминдер мен минералдарды қабылдау қажет. Сондықтан, рационыңызға жаңа көкөністер мен жемістерді қосып, жеткілікті мөлшерде су ішуді ұмытпаңыздар. Тұз пайдалануды шектеп, оның орнына дәмдеуіштерді қолдану тамақтың дәмін келтіруге көмектеседі. Сондай-ақ, денсаулықтарыңызға мұқият қарап, қажет болған жағдайда медициналық көмектен қорықпаңыздар. Салауатты өмір салтын ұстана отырып, Рамазан айында өз денсаулығыңызға қамқор болыңыздар", - деді Бибізада Дүйсенбаева.
Ораза ұстау кезінде ата-аналар балаларымен тығыз байланыста болуы қажет. Бұл туралы Қоғамдық Коммуникация орталығында өткен брифингте Тәрбие жұмысы, Арнайы инклюзивті білім беру және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бастығы Шынар Байдуллаева хабарлады.