Ақтауда жастар арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті

Ақтауда жастар арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті

Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы және Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Турнирге аудандық және Ақтаудағы кәсіптік- техникалық оқу орындарынан келген 20 фракция қатысты.

Қатысушыларға жалпы 12 тақырып берілді. Турнир бес кезеңге созылды. Барлық кезеңде сөзден сүрінбей, жүзден жүйрік шыққан 2 команда финалға жолдама алды.

Финалда “Болашақ” колледжінен келген “Ой зерек” және Маңғыстау туризм колледжінен келген “Алау” фракциясы сынға түсті. Олар “Қазақ халқы үшін ең құнды салт-дәстүр” тақырыбында пікірталасты.

Нәтижесінде аргументі, ізденісі мен дәлелі, сөз саптауымен көзге түскен “Алау” фракциясы облыстық пікірсайыс турнирінде топ жарды. Ұйымдастырушылар тарапынан 70 мың теңге қаржылай сыйлық пен диплом табысталды.

Ал 2-орынға және 50 мың теңге сыйақыға “Ой зерек” фракциясы ие болды. Жүлделі 3-орын мен 30 мың теңге Ш. Есенов атындағы колледжі студенттерінен құралған “Ұшқыр ой” фракциясына бұйырды.

Сонымен қатар турнир барысында “Үздік спикер” және “Үздік төреші” анықталды. Атап айтқанда, “Үздік спикер” номинациясымен Ш. Есенов атындағы колледжінің студенті Ернар Елдібаев, “Үздік төреші” номинациясымен Айдана Нәбиева марапатталды, арнайы кубок табысталды.

Айта кетейік, пікірсайыстың мақсаты - студенттердің қызығушылығын арттыру, жас буын пікірсайысшылар легін қалыптастыру. Мемлекеттегі ұлтаралық келісімді нығайту, отансүйгіштік қасиетке баулу.