Мұсылман әлемі фанатизм мен фатализмнен құтылуы керек

Мұсылман әлемі фанатизм мен фатализмнен құтылуы керек

Ақтауда өтіп жатқан «Орталық Азиядағы мемлекет және дін қатынастары: бүгінгі жайы-күйі және перспективалары» атты халықаралық форумда сөз алған Түркия Республикасы «Хитит» университетінің аға оқытушысы, «Теология» факультеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Мехмет Евкуран осылай деді.

Түркиялық маман соңғы ғасырларда пайда болған мұсылман әлемін жаңғыртуға бағытталған жәдидшілдік қозғалысы жайында кеңінен баяндады. Оның айтуынша, жәдидшіл бағытты ұстанушылар ислам дүниесінің артта қалуына себеп болған бірнеше себепті атап көрсетеді.

– Жәдидшілер саяси және экономикалық артта қалудың себептерін анықтап, осы келеңсіз жағдайды алдын алуға оқталған. Бұлардың алғашқысы – сыртқы себептер. Ал екіншісі – ішкі себептер. Сыртқы себептермен күресу саяси және экономикалық салаларда күресуді, мұсылмандар арасындағы бірлік пен ынтымақтастық сезімін нығайтуды және ортақ әрекет етуді қажет етті. Бұл мемлекеттердің және басшылардың жауапкершілігіне кіреді.

Ішкі себептер – мұсылман қоғамындағы артта қалушылық, надандық, фанатизм, кедейлік, санасыздық, фатализм сияқты адамдарды кері тартатын келеңсіз жағдайлар. Осыларға қарсы күресіп, халық арасында сана-сезімін арттыруды мақсат еткен жәдидшілер кейде мәдениет пен тарихтағы кейбір ойлар мен әдеттерді сынға алды. Осы және осыған ұқсас көзқарастары оларды батыстық модернистермен жақтас ретінде танылуына себеп болды. Дегенмен, жәдидшіл ойшылдар жалпы негізгі ислами білім/ғылымға қарағанда, әлемдегі болып жатқан оқиғалардан, әсіресе Батыста пайда болған жаңа ой ағымдарынан хабардар болды. Осы орайда олар бір жағынан өз қоғамын Батыстың отаршылдық саясатынан қорғауға, екінші жағынан ислам құндылықтарымен үйлеспейтін кейбір тарихи-мәдени құндылықтарды жою арқылы діни және ұлттық жаңаруды жүзеге асыруға тырысты, – деді Мехмет Евкуран.

Форумда Маңғыстау облысының әкімі Н. Ноғаев, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Е. Нүкежанов, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық бірлік пен діни саясатты нығайту жөніндегі сарапшылық кеңестің мүшесі, Исламтану ғылыми-зерттеу институтының директоры М. Мырзабаев, т.б. отандық және шетелдік мамандар сөз сөйледі.