Н. Ноғаев: Жат ағыммен күресу мемлекеттің ғана жұмысы деу қате

Н. Ноғаев: Жат ағыммен күресу мемлекеттің ғана жұмысы деу қате

Н. Ноғаев: «Жат ағыммен күресу мемлекеттің ғана жұмысы деу қате»

Ақтау қаласында өтіп жатқан «Орталық Азиядағы мемлекет және дін қатынастары: бүгінгі жай-күйі мен перспективалары» атты халықаралық форумның пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев еліміздегі діни ахуалға тоқталды.

– Қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризм бүкіл әлемге қауіп төндіріп, адамзаттың, қоғамның үрейін ұшыруда.

Алғашқы кезде жастарымыздың дінге бет бұрғанына қуанып, шүкіршілік еттік. Алайда, теріс пиғылдағы діни ағымдар жастардың ниетін өз мақсаттарына пайдаланып, адастырып, өзін-өзі өлімге қиюға дейін жеткізуде. Жастар ғаламтор арқылы түрлі діни сайттарға кіріп сол арқылы дін үйренуде.

Ғаламтордағы мәліметтердің шамадан тыс көп әрі қолжетімді болуы діни экстремистік идеялардың кеңінен таралуына да жағдай туғызуда, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Сонымен қатар, өңір басшысы бүгінгі жастардың теріс ағымға еріп кетуінің екі себебін атап көрсетті.

– Теолог - ғалымдар діни экстремистік ағымдарға ерудің негізгі екі себебін көрсетеді: бірі - діни сауатсыздық болса, екіншісі материалдық қажеттілік. Қазіргі таңда діни сауаттылықты арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде, мемлекет тарапынан арнайы комиссиялар құрылып, халық арасында ақпараттық-насихаттық топтар түсіндіру жұмыстарды жүргізуде.

Екінші себебіне келер болсақ, жалған ақпарат таратып, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды жоғары жалақымен, баспанамен қызықтырып, өз қатарларын толтыру мақсатында түрлі
«жарнамалармен» алдап, соңында сан соқтырып жатқан жағдайлар жиі көрініс тауып жатыр, - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Ақтауда өтіп жатқан халықаралық форумға отандық және Түркия мен Қырғызстаннан келген мамандар қатысуда.