МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ӨТКІЗУГЕ РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ӨТКІЗУГЕ РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН

Маңғыстау облысының ауылдық жерлерінде жұма намазын өткізуге рұқсат етілген. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов мәлім етті.

Оның айтуынша, жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қауіпсіз «жасыл аймақта» орналасқан өңірлердегі мешіттерде жұма намазын оқуға рұқсат беру туралы ұсынысын айтқан.

Осыған орай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан карантин талаптарын кезең-кезеңімен жеңілдету мақсатында «жасыл аймақта» орналасқан облыстарда жұма намазын тек ауылдық жерлерде, сыйымдылығы 150 адамға дейінгі мешіттерде 25%-дан аспайтын мөлшерде санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізуге рұқсат етілген. Ал қалалық жерлерде жұма намазын оқуға рұқсат берілмеген. Спикердің айтуынша, бұл қала тұрғындарының көптігіне байланысты.

«Осы жерде түсіндіре кетейік. Қала тұрғындары өздерінің «жұма намаз» құлшылығын орындау үшін қала маңындағы ауылдық мешіттерге бару деректері орын алып жатыр. Ал ауылдық мешіттердің сыйымдылығы 50-100 орын. Егер қаладан жамағат ауыл мешіттеріне келетін болса санитарлық дәрігер қаулысындағы талаптар сақталмайды. Сондықтан қала тұрғындарын сабырлыққа шақыра отырып, жұмадағы құлшылықтарыңызды жеке намаз ретінде қалалық мешітте немесе үйлеріңізде өткізулеріңізді сұраймын», - деді Мақсатбек Маханбетов.

МЕШІТТЕРДЕ НАМАЗ ОҚУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР:

  • Мешітке құлшылыққ етуге келген азамат ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут;
  • Намаз оқушылардың арақашықтығы 1,5 метр болуы керек және арнайы белгіленген орындарда намаз оқып, намаз оқып болғанан соң мешіттен бірден шығып кету;
  • Мешітке келетін адам санын діни ғимарттың жалпы пайдалы ауданының 30 пайызынан артық толтырмау;
  • Мешітте қол алыспау керек;
  • Мешіттерде ауа алмасу жүйесі жақсы жүру үшін барлық есіктерді ашып қою қажет;
  • Әр 3 сағат сайын намаз оқитын залдарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет;
  • Намаз оқитын залдарда имамдар және намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетперде және медициналық қолғаппен болу керек;
  • Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар намаздарын үйлерінде оқығаны абзал;
  • Мешіт дәретханаларын қолдану барысында арақашықтықты және сантитарлық талаптарды сақтауы тиіс;
  • Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
  • Мешітке кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ