Ақтау қаласында Наурыз мерекесіне арналған іс-шара өтті

Ақтау қаласында Наурыз мерекесіне арналған іс-шара өтті

2026 жылғы 20 наурыз күні қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты тергеу изоляторында жазасын өтеушілерге арналған Наурыз мерекесіне орай іс-шара ұйымдастырылып, «Кешіру» тренингі өткізілді.
Тренинг барысында Наурыз мейрамының мәні – жаңару, кешірім және жаңа бастамалардың бастауы екені түсіндірілді. Қатысушылар «Менің атым және менің жақсы қасиетім» жаттығуы арқылы өз есімдерін атап, өздеріндегі бір жақсы қасиетті бөлісті.
Келесі кезеңде «Өткенді босату» жаттығуы өткізілді. Қатысушыларға қағаз таратылып, олар өз өміріндегі өкініштері мен ауыр сәттерін жазды. Кейін жазылған қағазды жыртып немесе бояу арқылы символикалық түрде жойып, өткенді қабылдау және одан арылу әрекетін жасады.
Одан әрі «Жаңа өмір ағашы» жаттығуы ұйымдастырылды. Қатысушылар ағаштың суретін салып, оның:
– тамырына – өткен тәжірибесін,
– діңіне – қазіргі жағдайын,
– бұтақтарына – болашақтағы мақсаттары мен армандарын белгіледі.
Әр қатысушы өз жоспарлары мен мақсаттарын ортаға салды.
Іс-шара қорытындысы «Жақсы сөз – жарым ырыс» тренингімен жалғасын тауып, қатысушылар бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, мерекелік көңіл-күйде өз өнерлерін көрсетті.