
Ақтау қаласында «Маңғыстау облысындағы конфессияаралық келісімнің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шара өңірдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталды.
Жиынға діни және этномәдени бірлестіктердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес үш негізгі мәселе қарастырылды. Атап айтқанда, өңірдегі конфессияаралық келісімнің қазіргі жай-күйі мен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, бірлік пен келісімді нығайтудағы ортақ құндылықтардың маңызы, сондай-ақ қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау шаралары талқыланды.
Басқосу барысында қатысушылар өңірдегі қоғамдық келісімді одан әрі дамыту, конфессияаралық өзара іс-қимылды күшейту және бірлік мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Аталған шара Маңғыстау облысының дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.