
Ақтау қаласында «Крещение Господне» діни мерекесі кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қабылданды. Биыл жаппай шомылу Ақтау қаласының 4А-шағын ауданындағы жартастағы соқпақ аяқталған жердің маңында өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов айтты. Спикердің айтуынша, 18 қаңтардан бастап іс-шара өтетін аумақта қауіпсіздік бекеттері қойылып, құтқарушылардың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жедел-құтқару жасағының жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген режиміне көшіріледі. -Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖ департаментінен 59 адам, 8 бірлік техника және 5 бірлік жүзу құралы бөлінетін болады. Сонымен қатар, дәстүрді орындау кезінде халыққа суық суға түспес бұрын кішкене денені жылытып, физикалық жаттығулар жасау керек, ойыққа ыңғайлы, тайғанақ емес және тез шешілетін аяқ-киіммен келу керек, ағзаның суып кетпеуін болдырмау үшін мұзды суда 1 минуттан артық болмай, шомылғаннан кейін сүлгімен сүртініп, жылы құрғақ киім киіп, ыстық шай ішу керек, - деді Нұрлыбек Айжарықов. Сондай-ақ, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаеваның айтуынша, діни рәсім орындау кезінде оқыс оқиға болған жағдайда бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, зақым алған адамның санасы, тыныс алуы мен тамыр соғысы жедел бағалануы тиіс. Қажет болса, дереу жедел медициналық жәрдем шақырылады. -Гипотермия кезінде адам денесін абайлап жылытып, дымқыл киімін құрғақ киімге ауыстырып, ыстық шай ішкізу керек. Жарақат болса, қан кетуді тоқтатып, жараға таңғыш салу немесе зақымданған мүшені бекіту қажет. Есінен танған жағдайда арқасымен жатқызып, тыныс алу жолдарын ашық күйде ұстап, дәрігерлер келгенше тынысы мен тамыр соғысын бақылау қажет, - деді Бибізада Дүйсенбаева. Брифинг барысында қалалық Благовещенск шіркеуі басшысының көмекшісі Александр Козин шомылу дәстүрі екі күнге созылатынын атап өтті. -Суға шомылу рәсімі 19 қаңтар күндері өтеді. Бұл кезеңде Каспий теңізіндегі судың температурасы әдетте +3…+6°C шамасында болады. Ақтауда теңіздің өзендерден айырмашылығы – су толық қатпайды. Бұл ойық қазбай-ақ, жағадан түсуге мүмкіндік береді, - деді Александр Козин. Айта кетейік, мереке күндері суға секіруге және баспен сүңгуге, спирттік ішімдік ішуге және мас күйінде суға түсуге қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары аурулары бар азаматтарға мұздай суға түсуге болмайды. Тереңдігі күрт өзгеретін, ағысы қатты аймақтарда және техникалық нысандар маңында (мысалы, «Шора» каналы мен MAEK аумағында) шомылуға рұқсат етілмейді.