Ақтауда «Жалған сенім – сергелдең» қойылымы сахналанды.

Ақтауда «Жалған сенім – сергелдең» қойылымы сахналанды.

Ақтауда Достық үйінде «Кендірлі ауылдық мәдениет үйі» жанынан құрылған «Таға» әуесқой театрының «Жалған сенім - сергелдең» атты психодрамалық қойылымы сахналанды. Қойылымды облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Sapsan» стратегиялық орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Қойылымның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтардың әлсіреуін, отбасындағы зорлық-зомбылық пен жалпы азаматтардың жат діни ағымның ықпалына түсуін, оның адам тағдырына, отбасы бірлігіне тигізер салдарын қозғау. Іс-шараға 300-ден астам көрермен қатысты. - Аталған қойылым қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді арқау ете отырып көрерменді бейжай қалдырмай, ойлануға, дұрыс таңдау жасауға үндейді. Спектакль барысында адасқан сенім, рухани дағдарыс, әйелдің жан күйзелісі мен отбасындағы кикілжің көркем тілмен бейнеленді, - деді облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Бақыткүл Шопанова. Айта кетейік, аталған қойылым өңір тұрғындары арасында сауатты діни түсінік қалыптастыруға, әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға және отбасы институтының тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.