Ақтау, Қонаев, Страсбург: Қазақстан мен Франция өңірлері арасында туризмді дамыту

Ақтау, Қонаев, Страсбург: Қазақстан мен Франция өңірлері арасында туризмді дамыту

Страсбург, 2024 жылғы 29 қазан – Алматы және Маңғыстау облысы Әкімдіктері мен Эльзас Еуропалық қауымдастығы арасындағы Туризм саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға салтанатты түрде қол қою рәсімі өтті.

Қазақстанның өңірлері атынан меморандумдарда Бас консул Анель Бақытбекқызы қол қойып, өзінің құттықтау сөзінде, Қазақстан Президенті К.Токаевтың Парижге Мемлекеттік сапары қарсаңында орнатылған ынтымақтастық Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға маңызды үлес қосатынын атап өтті.

Француз тарапынан қол қою рәсімінде Эльзас өңірінің Президенті Фредерик Бьерри, Вице-президент Николай Матт, Еуропа және трансшекаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Патрис Херман қатысты. Сондай-ақ, Францияның Үлкен Шығыс өңірі Префектінің Дипломатиялық кеңесшісі, Елші Филипп Лакост арнайы шақырылған қонақ ретінде іс-шараға қатысты.

Рәсімге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Ф.Бьерри қол қойылған құжаттардың маңыздығын, олар екі елдің өңірлері арасында өзара туризм мен мәдени алмасуды дамытуға ықпал ететіндігін айтты. Сондай-ақ, француз өңірінің басшысы, Қазақстанның ерекше дәстүрлері, бай тарихи ескерткіштері мен табиғи көрікті жерлері француз туристерінің қызығушылығын тудыратындығын, ал Эльзас, Еуропаның танымал туристік бағыттарының бірі ретінде, Қазақстан мен Франция арасындағы көпір рөлін атқара алатынын атап өтті.

Өз кезегінде А.Бақытбекқызы туризм саласы әлемдік экономиканың негізгі драйвері екенін және Қазақстан осы бағытта елеулі инвестицияларды ынталандыру және отандық бәсекеге қабілетті инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қамтамасыз ете отырып, дамуға басымдық беріп отырғанын баяндады.

Бас консул 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда француз туристерінің саны шамамен 8,5 мың адамды құрағанын атап өтті. Бұған француз азаматтарына 30 күнтізбелік күнге Қазақстанда болуға мүмкіндік беретін визасыз режим зор ынталандыру болды.

Француз серіктестеріне Маңғыстау мен Алматы облыстарының туристік әлеуеті туралы баяндап, дипломат бұл өңірлердің бай және әдемі табиғатымен ерекшеленетінін, сондай-ақ, әдемі таулар, көлдер, ормандар мен шөлді жерлер туристер арасында танымал екенін айтты.

Құжаттарды қол қоюдың нәтижесінде тараптар бірлескен іс-шараларды өткізу жөніндегі перспективалы идеяларды жүзеге асыру мүмкіндігін кеңінен талқылады, соның ішінде қазақ мәдениетінің экспозицияларын, гастрольдер мен концерттер ұйымдастыру ұсынылды. Іс-шараға қатысқан ҚР азаматы, Эльзас өңіріндегі «Camping-Piscine du Plan Incliné» демалыс аймағының ұйымдастырушысы Динара Жұмағалиева Үлкен Шығыс өңіріндегі қазақ мәдени мұрасын насихаттауға қатысты бірнеше бастамаларын да ұсынды.