Air Astana, Kazakh Tourism және бес өңір Қазақстанда туризмді ілгерілету үшін күш біріктіреді

Air Astana, Kazakh Tourism және бес өңір Қазақстанда туризмді ілгерілету үшін күш біріктіреді

2026 жылғы 21 қыркүйекте Алматы қаласында кірмелік туризмді дамытуға, жолаушылар ағынын арттыруға және Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық аренада танытуға бағытталған 2027 жылға арналған стратегиялық ынтымақтастық туралы көпжақты келісімге қол қойылды.

Құжатқа «Air Astana» АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары, Алматы, Ақмола және Маңғыстау облыстары әкімдіктерінің өкілдері қол қойды.

Серіктестік ауқымды бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырушылық, ақпараттық және маркетингтік ресурстарды біріктіруді көздейді.

Келісім аясында тараптар цифрлық PR-науқандарды өткізуді, ірі халықаралық көрмелер мен роуд-шоуларға қатысуды, шетелдік серіктестер мен БАҚ өкілдері үшін таныстыру турларын ұйымдастыруды, B2B іс-шараларын өткізуді, сондай-ақ басым мақсатты нарықтарға жан-жақты талдау жүргізуді жоспарлап отыр.

«Шетелдік қонақтарды тарту — бұл ең алдымен бірлескен жұмыстың нәтижесі. Ұлттық әуе компаниясы мен өңірлердің мүмкіндіктерін біріктіре отырып, біз сыртқы нарықтарда Қазақстанның танымалдылығын арттыруға ұмтыламыз. Бұл қадам елімізге саяхатшылардың тұрақты ағынын қамтамасыз етуге жол ашады және өңірлердегі қызмет көрсету саласы мен бизнесті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады», — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Талғат Ғазизов.

Өз кезегінде Air Astana компаниясының Қазақстандағы сату жөніндегі директоры Камиля Садырбакиева былай деді:

«Air Astana үшін келу туризмін дамыту — бұл тек стратегиялық басымдық қана емес, сонымен бірге ұшу географиясын кеңейтуге және жолаушылар ағынын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыт. Жетекші әуе тасымалдаушы ретінде біз Қазақстанды халықаралық саяхатшылар үшін барынша қолжетімді әрі тартымды етуге ұмтыламыз. Kazakh Tourism және басты өңірлермен бірлескен жұмыс маркетингтік белсенділікті үйлестіруге, шетелде бағдарлар желісін тиімді жылжытуға және ел қонақтары үшін жоғары деңгейдегі сервисті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».