Маңғыстауда гидтерге арналған оқу курстары басталды

Маңғыстауда гидтерге арналған оқу курстары басталды

Маңғыстау облысында гидтердің біліктілігін арттыруға бағытталған екі күндік семинар басталды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникациялар орталығы.

Оқыту облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп, өңірде туристік қызмет көрсететін мамандардың кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған.

Сабақты туризм саласының жетекші мамандары – Айгүл Қаратаева, Мұхит Мәулетказы және медициналық қауіпсіздік бойынша жаттықтырушы Гүлназ Ислямғалиева жүргізеді. Олардың көмегімен қатысушылар туристермен жұмыс істеудің теориялық және практикалық дағдыларын меңгереді.

– Маңғыстау облысына келген әр турист сапалы сервис пен кәсібилікті, қонақжайлықты сезінуі тиіс. Біздің гидтердің құзыретін арттыру – осы жолдағы маңызды қадам, – деді Маңғыстау облысы Туризм басқармасының басшысы Ерсин Ибрашев.

7 тамызда өткен оқыту семинарының алғашқы күніне 50-ден астам туристік агенттіктің өкілдері, жеке гидтер, визит-орталық қызметкерлері және алғаш рет осындай форматта Маңғыстау облысы Полиция департаментінің туристік полиция қызметкерлері қатысты.