Маңғыстаулық және әзербайжандық туристік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Маңғыстаулық және әзербайжандық туристік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Маңғыстау облысы туризм басқармасының қолдауымен өңірлік «Visit Aktau LTD» компаниясы мен әзербайжандық «Smile Tour» мекемесі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Басты мақсат – тарихи-мәдени туризм саласындағы серіктестікті нығайту. Іс-шара барысында туристік бағыттарды дамыту, ішкі туризмді ілгерілету және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Меморандум аясында тараптар ақпарат алмасу, бірлескен жарнамалық турлар ұйымдастыру және туристік өнімдерді дамыту бойынша бірқатар іс-шараларды қолға алмақ. Маңғыстау облысы туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев екіжақты меморандумның маңызын атап өтті.

– Бұл құжат екі ел арасында туризм саласын нығайтуға және туристік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Басты мақсат – достық ынтымақтастығын орнату. Осы меморандум арқылы өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетіп, туризм бағытын жоғары қарқынмен дамыту қажет. Біздің алға қойған басты жоспарымыз осы, – деді Ерсін Ибрашев.