Испанияның VIAJAR туристік журналы өкілдеріне арналған ақпараттық баспасөз туры
2025 жылғы 27–30 маусым аралығында Маңғыстау облысының туризм басқармасы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Испания Корольдігінің ең беделді туристік басылымдарының бірі — VIAJAR журналы өкілдеріне арналған ақпараттық тур ұйымдастырды. Аталған журнал Prensa Iberica медиахолдингі құрамына кіреді.
Делегация құрамында журналист Елена Беатрис Ортега Матеос және халықаралық деңгейдегі фотограф Гонсало Мартинес Асуменди болды. Сапар барысында испандық БАҚ өкілдері Маңғыстау облысының туристік әлеуетімен, оның табиғи және тарихи-мәдени нысандарымен танысты.
Тур маршруты өңірдің негізгі туристік нысандарын қамтыды, атап айтқанда: Жыгылған ойысы, Сұлтан-Эпе және Шақпақ-Ата некропольдері, Қапамсай каньоны, Торыщ шарлар алқабы, Шопан-Ата, Бекет-Ата және Караман-Ата жерасты мешіттері, Бозжыра мен Қызылқұп табиғи ландшафттары, сондай-ақ Ақтау қаласы мен Каспий теңізінің жағалауы.
Қонақтар өңірдің төл архитектурасы мен сакралды ескерткіштерінің ерекшелігіне, табиғи әртүрлілігіне және жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығына ерекше назар аударды.
Сапар қорытындысы бойынша VIAJAR журналының баспа және онлайн нұсқаларында фоторепортаж бен мақала жариялау жоспарлануда. Басылымның аудиториясы ай сайын 7,8 миллионнан астам қаралымды құрайды.
Баспасөз турын ұйымдастырудың басты мақсаты — Маңғыстау облысының туристік имиджін шетелде ілгерілету және өңірді экологиялық және мәдени туризм бағыттары үшін келешегі зор мекен ретінде халықаралық деңгейде таныту.