Маңғыстау облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы мен жастарды еңбекті құрметтеу рухында тәрбиелеу, еңбек дәстүрлерін сақтау бойынша «Еңбек жолы» конкурсы басталды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Долдашев хабарлады.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсының мақсаты — кәсіпкерлік субъектілерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік принциптерін қалыптастыру мен ілгерлету және оларды осы саладағы ең үздік тәрбиені енгізуге ынталандыру. Конкурс өңірлік және республикалық кезеңдерден тұрады. Сонымен қатар, конкурс тегін өткізіледі.
- Аталған конкурсқа қызметін кемінде үш жыл жүзеге асыратын, таратылу сатысында тұрмаған, еңбек заңнамасына сәйкес еңбек жалақысы мен басқа да төлемдер бойынша берешегімен қатар ұжымдық еңбек даулары жоқ, заңға қайшы ұйымдарды қаржыландырумен айналыспайтын, дәйекті мәліметтерді сондай-ақ құжаттарды толық көлемде ұсынған үміткерлер жіберіледі. Сондай-ақ, конкурста «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы бекітіледі. Бұл арнайы сыйлықта бизнес іске асыратын, халықтың әлеуметтік осал және аз қамтылған топтарының жұмыспен қамтылуына және тұрмыс жағдайларын жақсартуға ықпал ететін әлеуметтік жобалар қарастырылады,- деді Нұрбол Долдашев
«Еңбек жолы» конкурсы - жастарды еңбекті құрметтеу рухында тәрбиелеу, еңбек дәстүрлерін сақтау, көбейту мақсатында және үздік еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерін айқындау, еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында өткізіледі. Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек қатынастары және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Қасымжан Колхозовтың айтуынша, аталған конкурсқа мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, салаға қарамастан кәсіпорындардың барлық қызметкерлері қатыса алады.
«Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары үш аталым бойынша анықталады: «Үздік еңбек әулеті» еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет таңдалады.
«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын, ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері таңдалса, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер таңдалады.