Маңғыстауда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар азайды

Маңғыстауда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар азайды
Маңғыстау облысында былтыр екі мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың бір мен алты жас аралығындағы балаларға қосымша 1,5 АЕК мөлшерінде төлем жасалды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева айтты.
Спикердің айтуынша, былтырмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 507 отбасыға азайған.
- Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға немесе отбасыларға беріледі. Осы жылдың бірінші тоқсанында өңірдегі кедейлік шегі 48 663 теңгені құрады. Көмек екі түрде көрсетіледі. Шартсыз көмек жұмысқа жарамсыз, зейнеткерлік жасқа жеткен, мүгедектігі бар немесе ұзақ уақыт еңбекке жарамсыз азаматтарға, үш жасқа дейінгі балаға немесе мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын отбасыларға, күтімді қажет ететін қартқа қамқорлық жасайтын табысы төмен отбасыларға беріледі. Ал шартты көмек еңбекке қабілетті, бірақ табысы төмен жалғызбасты немесе құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасыларға көрсетіледі. Мұнда әлеуметтік келісімшарт міндетті түрде жасалады, - деді Гүлмира Мамаева.
 
Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш тоқсан сайын беріліп, өтініш берілген айдан бастап төлемдер ай сайын жүргізіледі. Өтініштер электрондық үкімет порталы арқылы қабылданады.
- Аудандық және қалалық мәслихат шешімдеріне сәйкес табысы есепке алынбай жылына бір рет әлеуметтік көмек әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға, иммунитет тапшылығы бар балаларға, дүлей апат немесе өрттен зардап шеккен азаматтарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне санаторийлік-курорттық емделуге беріледі. Өткен жылы мұндай көмек 1 601 адамға, табысы есептеліп берілетін көмек 2 052 адамға көрсетілді, - деді Гүлмира Мамаева.
 
Сондай-ақ, 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әлеуметтік жағынан осал азаматтарды қолдау тетіктерін жетілдіру, көрсетілетін көмектің ашықтығы мен әділдігін арттыру міндеттері қойылды. Бұл шаралар әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауға және төлемдердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта осы бағыттағы нормативтік-құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізілуде.