Маңғыстауда 1900-ға жуық мүгедектігі бар адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді

Маңғыстауда 1900-ға жуық мүгедектігі бар адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді

Маңғыстауда жыл басынан бері 1899 мүгедектігі бар адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева айтты.

Спикердің айтуынша, өңірде одан бөлек 483 адамға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 3 жоба аясында қызмет көрсетілді.

-Мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметімен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, жүріп-тұруы қиын, жеке көмекші қызметін қажет ететін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы облыс бойынша барлығы 35 инватакси қызмет етуде. Жыл басынан бері 18 547 тапсырыс орындалып,  684 мүгедектігі бар адам тасымалданды, - деді Гүлмира Мамаева

Сондай-ақ, облыстың мансап орталықтарына барлығы 1468 мүгедектігі бар адам хабарласып, оның ішінде 576 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысқан. Сонымен қатар, облыс бойынша пандустар, жүгіртпе жолдар, аялдамаларды айтып тұратын құрылғылары бар 116 қоғамдық көлік сатып алынды.