
МҰНАЙЛЫДА ҰОС АРДАГЕРІНІҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығына сәйкес, 1 сәуір күні Мұнайлы ауданының Баянды ауылында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагері Абдулла Утаевтың есімі көшеге берілді.
Абдулла Утаев 1925 жылғы 12 мамырда Түрікменстан Республикасының Ташауыз облысында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, аға-жеңгесінің тәрбиесінде өскен. 1942 жылы небәрі 17 жасында әскер қатарына шақырылып, Өзбекстанның Хауа қаласында 4 айлық әскери дайындықтан өтеді. Кейін Челябі мен Киев бағытындағы жаяу әскер батальоны құрамында шайқастарға қатысады.
20 жасында Польша мен Чехословакияны азат ету жолындағы ұрыстардың бірінде сол аяғынан жараланып, 1945 жылдың наурыз айында елге оралады. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысады.
Отбасылық өмірінде жары Күміспен бірге 8 бала тәрбиелеп өсіріп, 27 немере, 17 шөбере сүйген ардақты ата атанды. 2007 жылы Маңғыстау өңіріне қоныс аударып, сол жылы Баянды ауылынан 3 бөлмелі пәтермен қамтамасыз етілді. Соғыс ардагері 2018 жылы өмірден өтті.
Ел үшін жан аямай күрескен ардагерлердің ерлігін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Батыр бабалардың рухына тағзым ету – елдігіміздің белгісі.