Адал қызмет – ел алдындағы жауапкершілік

Адал қызмет – ел алдындағы жауапкершілік

Адал қызмет – ел алдындағы жауапкершілік

 

Мемлекеттік  қызметтің  негізгі  мақсаты – халыққа  қызмет  ету.  Бұл сөздің  мағынасы  қарапайым  болғанымен,  оның  артында  үлкен  жауапкершілік  жатыр.  Себебі  мемлекеттік  қызметші  қабылдаған  шешім,  азаматпен  сөйлесуі,  мәселеге  көзқарасы – барлығы  мемлекеттік  органның  жұмысына  деген  халықтың  пікіріне  әсер  етеді. Сондықтан  мемлекеттік  қызметте  адалдықтың  орны  ерекше.  Қызметтік  міндетті  орындау  барысында  әр  адам  заң  талаптарын  сақтап  ғана  қоймай, өз  әрекетінің  салдарын  да ойлағаны  жөн.

Сыбайлас  жемқорлықтың  алдын  алу  туралы  сөз  болғанда,  көп  жағдайда  пара  алу  немесе  пара  беру  мәселесі  бірінші  ойға  келеді.  Алайда  оның  алдын  алу  бұдан  әлдейқайда  кең  ұғым.  Күнделікті  жұмыста  туындайтын  мүдделер  қақтығысы, қызметтік  мүмкіндікті  жеке  мақсатта  пайдалану,  таныстыққа  немесе  жеке  өтінішке  байланысты  шешім  қабылдау  сияқты  жағдайлардың  өзі  назардан  тыс  қалмауы  тиіс. Мысалы,  мемлекеттік  қызметші  белгілі   бір  мәселені  қарау  кезінде  өзінің  жеке  мүддесі  бар  екенін  байқаса,  оны  жасырмай,  тиісті  тәртіппен  хабарлағаны  дұрыс.  Мұндай  қарапайым  қадамның  өзі  кейін  туындауы  мүмкін  мәселелердің  алдын  алады. 

Қазір  мемлекеттік  қызмет  көрсету  саласында  цифрлық  технологиялардың  да  мүмкіндігі  кеңейіп  келеді.  Көптеген  қызметтердің  электронды  форматқа  көшуі  азамат  пен  мемлекеттік  қызметші  арасындағы  тікелей  байланысты  азайтып,  бірқатар  рәсімдерді  ашық  жүргізуге   мүмкіндік  береді.  Бұл  да  сыбайлас  жемқорлық  тәуекелдерін  төмендетудің  бір  жолы.  Дегенмен  қандай  жүйе  енгізілсе  де, оның  нәтижесі  ең  алдымен  адамның  жауапкершілігіне  байланысты.  Заңды  білу – бір  бөлек,  сол  заң  талаптарын  күнделікті  жұмыста  ұстану – бір  бөлек.

Мемлекеттік  қызметші  үшін  халықтың  сенімінен  қымбат  дүние  болмауы  керек.  Азамат  мемлекеттік  органға  қандай  да  бір  мәселені  шешу  үшін  келгенде,  ең  алдымен  әділдік  пен  заңдылықты  күтеді.  Оның  өтінішіне  немқұрайлы  қарамау,  түсінікті  жауап  беру,  қызметтік  міндетті  сапалы  орындау – сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  мәдениеттің   бір  көрінісі.

Бұл  ретте  сыбайлас  жемқорлықтың  алдын  алу  тек  мемлекеттік  қызметшінің  міндеті  емес  екенін  де  атап  өткен  жөн.  Әр  азамат  өз  құқықтары  мен  міндеттерін  білуі  керек.  Заңсыз  ұсынысқа  келісім  бермеу,  қандай  да  бір  артықшылықты  талап  етпеу  және  күмәнді  жағдайларға  бейжай  қарамау – қоғамның  құқықтық  мәдениетін  көрсетеді.

Адалдық  бір  күнде  қалыптаспайды.  Ол  адамның  күнделікті  ұстанымынан, өз  жұмысына  деген  көзқарасынан  басталады.  Мемлекеттік  қызметші  үшін  қарапайым  қағида  бар:  қандай  жағдайда  да  заңды  басшылыққа  алып,  халықтың  мүддесін  бірінші  орынға  қою.

Елдің  мемлекеттік  қызметке  деген  сенімі  де  осындай  қарапайым  әрекеттерден  қалыптасады.  Әр  қызметші  өз міндетіне  жауапкершілікпен  қарап,  адал  еңбек  етсе,  бұл  жалпы  мемлекеттік  басқару  сапасына  оң  әсерін  тигізері  сөзсіз.

Сондықтан  сыбайлас  жемқорлықтың  алдын  алу – белгілі  бір  науқанмен  шектелетін  жұмыс  емес.  Бұл – күн  сайын  назарда  болуы  тиіс  ортақ  міндет.  Ал  адал  қызмет  ету – сол  міндетті  орындаудың  ең  қарапайым  әрі  маңызды  жолы  болып  табылады.

 

 

Жасұлан  Оспанов

Бейнеу  аудандық  мәслихатының  аппарат  басшысы