«Тарих толқынындағы Маңғыстау» Халықаралық ғылыми конференциясы Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында өткізіліп отыр. Конференция Арал-Каспий аймағының тарихи-мәдени мұраларын ғылыми зерттеу, сақтау және пайдалану, танымал ету бойынша өзекті мәселелерге арналды. Конференцияға Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінен тарих, этнография, археология, реставрация салаларының ғалымдары қатысты.
Конференция басында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев сөз алып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Конференцияға арнайы келген Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев сөз алып «Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Маңғыстау облысына сапарында айтып өткендей бұл саланың маңызы өте зор. Конференцияда көтерілетін мәселелер оң шешімін тауып, саланың кемде қалған тұстарын шешуге септігін тигізетініне мен сенімдімін. Жиында айтылған ұсыныстарды жауапты тұлғалардың назарына жеткізуді азаматтық борышым деп санаймын. Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, насихаттау үлкен еңбекті, біліктілікті қажет ететін іс. Осынау конференцияға алыс-жақын шет елдерден ғалымдар, тарихшылар, археологтар, реставраторлар жиналып отыр. Олардың қызметтеріне табыс, жұмыстарына сәттілік тілеймін! Осы іс-шара еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау жолындағы үлкен бір іс болатынына сенімдімін!»-деді.