С. ТРҰМОВ: «АҚТАУДА ЖАҒАЖАЙ ТУРИЗМІ, АУДАНДАРДА ЭКО-ЭТНОТУРИЗМ ДАМУ ҮСТІНДЕ»

С. ТРҰМОВ: «АҚТАУДА ЖАҒАЖАЙ ТУРИЗМІ, АУДАНДАРДА ЭКО-ЭТНОТУРИЗМ ДАМУ ҮСТІНДЕ»

Маңғыстау Қазақстандағы туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың үздік ондығына кіреді. Ақтауда жағажай туризмі, аудандарда эко-этнотуризм даму үстінде. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі мәлім етті. Серікбай Трұмовтың айтуынша, бұл мақсатта кешенді жоспар жасақталып, саланы жетілдіру бағыттары айқындалған.

«Былтыр өңірге 160 мыңнан астам турист келген. Ал биыл Маңғыстауға 200 мыңға жуық адам демалуға келеді деп күтілуде. Былтыр теңіз жағалауында «Rixos Water World Aktau» туристік кешені іске қосылғанын білесіздер. Күні бүгінге дейін бұл қонақ үйге 124 мыңнан астам адам демалуға келген», - деді ол.

Ал биыл жыл басынан бері осы туристік кешен 46 мыңға жуық адамды қабылдады. Бұл қонақ үйге 600-ден астам облыс тұрғыны жұмысқа орналасты. Бірнеше жергілікті  тауар өндірушілер және қызмет көрсетушілермен келісім-шарт жасалды. Бұл келісім облыстағы шағын және орта кәсіп иелерінің жұмысының жандануына септігін тигізіп отыр.

  Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен қаржы бөлініп, Ақтау қаласының іргесіндегі жылы жағажайды инфрақұрылыммен қамту жобаларын іске асырудың екінші кезеңі жалғасуда.Курорттық аймақты дамытудың 2-кезеңі аясында «Tethys International Touristic Hub Ltd», «BI-Group» және «BAZIS-A» сынды ірі компаниялар жаңа қонақ үйлер, гольф-клуб, отбасылық ойын-сауық саябағының құрылысын жүргізуде.

«Биылға жоспарымыз: жоғарыда айтып кеткенімдей, туристер санын 200 мыңға жеткізіп, 5 жобаны іске асыру. Бұл жобаларға 180 млрд. теңгеден астам инвестиция тарту арқылы 1600-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бүгінде ішкі туризмге елдің қызығушылығын және мемлекеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер де «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық жобаларын іске асыруда. Бұның барлығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келеді»,- деді ол.