Ақтауда Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл – болашаққа бағдар» атты тіл фестивалі өтті

Ақтауда Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл – болашаққа бағдар» атты тіл фестивалі өтті

Ақтауда Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл – болашаққа бағдар» атты тіл фестивалі өтті.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік тілдің дамуына бағытталған өзекті мәселелерді талқылау.

Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, облыстық мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, банк және кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдары, филология мамандығының студенттері және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.

Жиын барысында Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен оны дамыту бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Дөңгелек үстелде қазақ тілінің ғылым, білім, құқық қорғау саласы мен цифрлық кеңістіктегі қолданысы талқыланды. Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аға оқытушысы, PhD докторант Бақтыбай Жайлауов «Қазақ тілі – интеллектуал тілі» тақырыбында баяндама жасап, қазақ тілінің ғылым мен білім кеңістігіндегі маңызына тоқталды. Қазақша Уикипедияның әкімшісі Рахым Сабиханов қазақ тіліндегі Уикипедияның мазмұнын толықтыру, сапалы қазақтілді ақпарат көлемін арттыру және цифрлық кеңістіктегі мемлекеттік тілдің үлесін кеңейту бағытындағы жұмыстар туралы баяндама жасады.

Фестиваль аясында Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды.

Жиын соңында «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» және «Жарнама – тіл тазалығы» облыстық байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздарға дипломдар мен алғыс хаттарды басқарма басшысы Нұртас Сали табыстады.