Ақтаудағы Қабиболла Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында 10 тамыз – Абай күніне орай «Абай мұрасы – ұлт қазынасы» тақырыбында интеллектуалды куиз өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының өмірі мен мол шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, қатысушылардың әдеби-танымдық білімін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және әр түрлі сала өкілдері арасындағы өзара ынтымақтастық пен зияткерлік мәдениетті дамыту.
Зияткерлік сайысқа әскери полиция қызметкерлері, 2201 және 25744 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілдері, мәдениет саласының мамандары, «Сүмбіле» аналар клубының мүшелері, сондай-ақ қалалық және аудандық кітапханалардың қызметкерлерінен құралған командалар қатысып, бақ сынады.
Бірнеше кезеңнен тұрған тартысты ойын барысында қатысушылар Абайдың өмір жолы мен ақындық ортасы, қара сөздері, терең мазмұнды поэзиясы, қазақ әдебиеті мен мәдениеті, ұлттық құндылықтар төңірегіндегі сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмалар арқылы өздерінің зеректіктері мен жан-жақты дайындық деңгейлерін көрсетті. Командалардың ұйымшылдығы мен шапшаңдығы шараның мазмұнын арттыра түсті.
Тартысты өткен сайыс қорытындысында әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар келесідей бөлінді:
* І орын – «Сүмбіле» аналар клубының командасы;
* ІІ орын – «Ұшқан ұя» командасы;
* ІІІ орын – Мәдениет қызметкерлерінен жасақталған «Елге қызмет» командасы.
Жиын соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен алғыс хаттар табысталды. Ұлы ақынның рухына тағзым еткен бұл мәдени-танымдық кеш өскелең ұрпақ пен түрлі мекеме өкілдері арасында кітап оқуға деген қызығушылықты оятып, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған.