Халықтық “Шайыр” вокалды ансамблінің әжелері халықаралық жарыста топ жарды

Халықтық “Шайыр” вокалды ансамблінің әжелері халықаралық жарыста топ жарды

Шайыр ауылдық мәдениет үйі жанындағы Халықтық “Шайыр” вокалды ансамблінің әжелері Әзербайжан елінің Баку қаласында өткен “SUMMER FEST BAKU 2026 – Harmony of Art” Халықаралық өнер фестивалінде БАС ЖҮЛДЕ – GRAND PRIX иегері атанды.

Халықтық «Шайыр» вокалды ансамблі 2018 жылы қыркүйек айында құрылды. 2024 жылы Халықтық атағын қорғап алды. Халықтық «Шайыр» вокалды ансамблінің мақсаты өнерлі жастарды, әжелерді ортаға шығару, тәрбиелеу.
Ансамбль жетекшісі Жұманова Айнұр Шарауқызы.

Халықтық ансамбль халықаралық сайыста Ө. Оралбаевтың сөзіне жазылған, М. Ғаббасовтың «Ақтау шаттығы» әнін орындаған. Өнер додасына қатысқан ансамбльдің мүшесінің ең үлкені - 71 жастағы Рая Мырзатаев мен 70 жастағы Лиза Қазиханова, сондай-ақ ауылдың әжелері Руза Әсленова, Тамара Қанатбаева, Несіп Иманбаева, Гүлзина Жұмагалиева, Айнұр Жұманова бар.

Ансамбльдің құрамындағы әнші Гүлзина Жұмағалиева Бакуде қол жеткізген Гран-при ансамбльдің шығармашылық ізденісі мен кәсіби деңгейінің жоғары екенінің нәтижесі әрі биыл атап өтілетін Шайыр ауылының 100 жылдық мерейтойына тартуымыз дейді.

- Биыл - Шайыр ауылының 100 жылдық мерейтойы. Осы мерейтой қарсаңында өнеріміз арқылы туған ауылымыздың рухани өміріне өз үлесімізді қосып жүргенімізді үлкен мақтаныш санаймыз. Алдағы уақытта да халқымыздың ән өнерін насихаттап, туған жеріміздің абыройын асқақтата беруге бар күш-жігерімізді саламыз, - деді Гүлзина Жұмағалиева.