Ақтауда Әбіш Кекілбайұлының «Елең-алаң» романының тұсаукесері өтті

Ақтауда Әбіш Кекілбайұлының «Елең-алаң» романының тұсаукесері өтті

Ақтауда Әбіш Кекілбайұлының «Елең-алаң» романының тұсаукесері өтті

Ақтау қаласындағы Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Елең-алаң» романының толық нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті. Мәдени іс-шараны Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Банк ЦентрКредит» АҚ ұйымдастырды, деп хабарлайды Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.

Бұл шығарманың толық нұсқасы оқырманға 42 жылдан кейін қайта ұсынылып отыр. Басылымның жарық көруіне «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы демеушілік жасап, ұлттық әдеби мұраны қайта жаңғыртуға қолдау көрсетті. Бастама аясында 8100 дана кітап шығарылып, республика көлеміндегі кітапханалар мен жоғары оқу орындарына жеткізілді.

Салтанатты іс-шараға Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали қатысты. Жазушының замандас досы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайын Назарбекұлы мен ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, сондай-ақ жазушының інісі Бауыржан Ниязов құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ «Банк ЦентрКредит» АҚ Ақтау қаласындағы филиал директоры Балжан Оразбайқызы Ургешова сөз алып, ұлттық руханиятты қолдауға бағытталған бұл маңызды мәдени жобаның мәніне тоқталды.

Көптен күткен рәсім барысында Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, Сайын Назарбекұлы және Балжан Ургешова жаңа басылымның тұсауын кесті. Тұсауы кесілген кітап салтанатты түрде музей қорына табысталды.

Жиын соңында Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, қатысушылар музейдің этнография және Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған залына экскурсия жасады.