24–25 маусым күндері Қабиболла Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының алаңында Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен «Шабыт Bazaar» көрме-жәрмеңкесі және «Дара» эстрадалық вокал өнер студиясының есептік концерті өтті.
Шараның басты мақсаты – Маңғыстаудың креативті индустрия өкілдерін және жас таланттарды қолдау, жергілікті қолөнер шеберлері мен суретшілердің шығармашылығын насихаттау, тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыру және өңірдегі шығармашылық ортаны дамыту болды.
Екі күн бойы кітапхана алаңы шығармашылық пен өнердің ерекше мекеніне айналды. Көрме-жәрмеңкеге өңірдің қолөнер шеберлері, суретшілер және креативті индустрия өкілдері қатысып, өздерінің бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Келушілер ұлттық нақыштағы кәдесыйлармен, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарымен танысып, өздеріне ұнаған жұмыстарды сатып алу арқылы жергілікті шеберлерге қолдау көрсетті.
Шара аясында ұйымдастырылған ART-SPACE шығармашылық аймағында суретшілер көрермендердің көз алдында шығармашылық жұмыстарын орындап, экспресс-портреттер салды. Бұл алаң өнерсүйер қауымның ерекше қызығушылығын тудырып, шығармашылық орта қалыптастыруға өз үлесін қосты.
Кештің негізгі бағдарламасын «Дара» эстрадалық вокал өнер студиясының есептік концерті құрады. Екі күн бойы студияның талантты өнерпаздары қазақ және әлемдік эстраданың танымал әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әрбір концерттік нөмір жас орындаушылардың шығармашылық ізденісі мен вокалдық шеберлігін айқын көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Концерттік бағдарлама барысында көрермендердің белсенділігін арттыру мақсатында түрлі танымдық ойындар мен интерактивті викториналар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл бөлімдер кештің әсерін арттырып, көрермендердің шараға белсене араласуына мүмкіндік берді.
Осындай шығармашылық жобалар өңірдегі мәдени өмірді жандандырып, ұлттық өнерді дәріптеуге, жергілікті таланттарды қолдауға, Маңғыстаудың креативті индустрия өкілдерін ынталандыруға, шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуға және мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.