Ақтауда «Маңғыстау мақамдары» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Ақтауда «Маңғыстау мақамдары» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Маңғыстау мақамдары» атты түркі әлемі сазгерлерінің байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Саз өнерінің үздік өкілдерін ұлықтаған байқау түркі жұртының рухани мұрасын дәріптеу, жас орындаушыларға қолдау көрсету және халық композиторларының шығармашылығын насихаттауға бағытталды.

Марапаттау рәсіміне Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали мен М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның директоры Данияр Сағынғалиұлы қатысып, байқаудың бас жүлдегерлеріне марапаттарын табыстады.

Байқау нәтижесінде бас жүлде иегерлері атанған Ровшен Непесов (Түрікменстан) пен Айтқали Жайымов (Астана қаласы) жоғары бағаға ие болды. Бірінші орын Санжар Бәйтереков пен Ермұрат Үсеновке (Алматы қаласы) бұйырса, екінші орынды Арман Жайым (Астана қаласы) мен Бауыржан Көбенғалиев (Маңғыстау облысы) иеленді. Үшінші орын Әйгерім Аулбек (Астана қаласы) пен Айдарбек Оңайбаевқа (Маңғыстау облысы) табысталды.

Арнайы жүлделер қатарында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының сыйлығы Ермек Өміровке (Алматы қаласы), ал ұйымдастырушылар тарапынан берілген арнайы жүлде Нұрлан Бекеновке (Астана қаласы) ұсынылды. Сонымен қатар, дипломант атағына Даниил Шин (Қызылорда қаласы) лайық деп танылды.

Байқауға қатысып, бас жүлдеге ие болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, профессор Айтқали Жайымов байқау туралы өз әсерімен бөлісті.

- Бұл байқау – Маңғыстау топырағынан бастау алған мақам дәстүрін қайта жаңғыртып, оны түркі жұртына кеңінен танытуға жасалған үлкен қадам. Рухани тамырымызды берік ұстап, жас орындаушылардың шеберлігіне жол ашу баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай ауқымды шаралар арқылы біз төл өнерімізді тек сақтап қана қоймай, оны жаңаша тұрғыда дамытуға мүмкіндік береміз. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, ал қатысушыларға шығармашылық табыс тілеймін!, – деді Айтқали Жайымов.

Айта кетейік, жеңімпаздар арнайы дипломдар және алғыс хаттармен марапатталды.