Жыл соңына дейін Түрік инвесторларының қатысуымен 200 адамды жұмыспен қамтитын ірі екі жоба іске қосылады

Жыл соңына дейін Түрік инвесторларының қатысуымен 200 адамды жұмыспен қамтитын ірі екі жоба іске қосылады

Бүгін, 6 қазанда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Түркияның Ақтау қаласындағы Бас консулы Мұзаффер Ақылдырымды қабылдады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде Маңғыстау облысы мен Түркия арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері, инвестициялық мүмкіндіктер мен өңіраралық кәсіпкерлікті дамыту перспективалары талқыланды.

Түркия Маңғыстау облысының сыртқы сауда байланыстарында маңызды рөл атқарады. Осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында облыс пен Түркия сауда айналымы 93,1 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт 52,4 млн. АҚШ доллары.

Айта кетсек, Маңғыстау облысының аумағында түрік капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 86 кәсіпорын тіркелген.

Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін Ақтау іргесіндегі «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық құны 100 млрд.теңге болатын 2 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. «Сауда қалашығы» мен «Гольф-клуб» демалыс кешенінің ашылуы 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы орган өкілдері екі ел арасындағы іскерлік байланысты одан әрі дамыту үшін барынша жұмыс істейтінін жеткізді.

Түркияның Ақтау қаласындағы Бас консулы да өз кезегінде жемісті әріптестікті ары қарай жалғастыруға дайын екенін айтты.