Маңғыстауда «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы талқыланды

Маңғыстауда  «Мемлекеттік сатып алу туралы»  Заңы талқыланды

Маңғыстау  облыстық  сотында «Мемлекеттік сатып алу» туралы 2024 жылғы 1-шілдедегі Заңын талқылау мақсатында семинар сабағы өткізілді.

Іс-шараға облыстық соттың судьялары,  Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары, Маңғыстау облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілдері және Қаржы басқармасы басшысының мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша орынбасары Танирбердиев Д.Б. және бөлім басшылары Джумагамбетов Е.Б., Мауленов Н.К. қатысты.

Семинар сабағы барысында Маңғыстау облыстық сотының судьясы Е.Карабаев аталған заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді және бәсекелестікті дамытуды көздейтініне тоқталды.

Одан әрі Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Ж.Мухаметова 2024 жылғы мемлекеттік сатып алу даулары бойынша әкімшілік істерді қараудың сот тәжірибесіне тоқталса, аталған соттың судьясы М.Мұхашев заңның қолданылуы туралы айтты. 

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы А.Бекболатов заңдағы ерешеліктерді назарға алып,  заңның бірінші блогы сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге және қысқартуға, екінші блогы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, үшінші блогы өнім берушілердің жауапкершілігін арттыруға, төртінші блогы бәсекелестікті дамытуға бағытталғанын жеткізді.