Маңғыстауда жол құрылысы бойынша 13 жоба жүргізіліп жатыр

Маңғыстауда жол құрылысы бойынша 13 жоба жүргізіліп жатыр

Бүгін облыс әкімі С.Трұмовтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде аймақтың қаңтар айына әлеуметтік-экономикалық дамуы, автомобиль жолдарын салу барысы бойынша бірқатар мәселелер көтерілді.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекованың мәліметінше қаңтар айының қорытындысы бойынша облыста макрокөрсеткіштер оң динамикасын көрсеткен. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі – 104,1% , электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауа баптағышпен жабдықтау көлемі – 105% құрады. Сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою жөніндегі қызмет көлемі – 104,1% атқарылған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен құрылыс жұмыстарының көлемі 110,4% құрады. Облыс бойынша қаңтарда барлығы 3 231 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 936-сы тұрақты.

Маңғыстау облысында автомобиль жолының құрылысы және жөндеу жұмыстары мен жоба жасақтау бойынша 34 жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде: 1 жоба күрделі жөндеу, 9 жоба реконструкция, 2 жоба құрылыс, 8 жоба орташа жөндеу, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 14 жоба, сонымен қатар, 4 жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде облысымызда 494 шақырым жолдың жағдайы жақсаратын болады.

Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жобалар:
1. «Республикалық маңызы бар «Құрық-Жетібай» А-36 автомобиль жолын күрделі жөндеу;
2. МАЭК су жинау каналынан «Құрық» паромды кешеніне дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау (I кезең);
3. Маңғыстау облысындағы «МАЭК» су алғышынан бастап Құрық теңіз портына дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау (ІІІ кезең) Шора көпірі;
4. «Өмірзақ» кентінен бастап Ақтау қаласының Жылы жағажайына дейін автомобиль жолын салу;
5. «Хонда» орталығынан бастап Ақтау қаласы Өмірзақ ауылының Т-тәрізді қиылысына дейінгі ұзындығы 4.5 км автомобиль жолын реконструкциялау;
6. «МАЭК» су алғышынан Құрық теңіз портына дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау (ІІ кезек);
7. «Ақтау – Форт-Шевченко» жолын реконструкциялау, 5-43 км» (1-ші іске қосу кешені – «Ақтау – Форт-Шевченко» автомобиль жолының 5 км – 29 км»);
8. «Жыңғылды-Шайыр-Шерқала мекені» автомобиль жолын қайта құрылымдау;
9. Шетпе-Қызан 49-85 км (ТАСМҰРЫН – МӘСТЕК аралығы) автокөлік жолын реконструкциялау;
10. ХГМЗ жол қиылысынан №23, 24, 28а шағынаудандарының қиылысына дейінгі жалпы ұзындығы 7,0 км №55 автожолын қайта құрылымдау;
11. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық селосындағы автокөлік жолының құрылысы (айналма жол);
12. Маңғыстау облысының Басқұдық ауылында ұзындығы 10 км автомобиль жолын реконструкциялау;
13. Облыстық маңыздағы «Форт-Шевченко-Таушық-Шетпе» автомобиль жолын орташа жөндеу, 52-91 км учаскесі.

Аймақ басшысы басқарма басшыларына облыс экономикасының оң өсімін қамтамасыз ету үшін жоспарға енгізілген жұмыстарды дер кезінде іске асыруды және өңірде басталған жол құрылысының сапасы мен аяқтау мерзіміне аса назар аударуды тапсырды.